Павлодар облысында республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Өңірде экологиялық акцияларға өз үлесін қосып жүрген жандар жетерлік, әрі қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған жаңа жобаларда бар. Атқарылған жұмыстар мен тың бастамалар туралы өңірлік коммуникациялар алаңында айтылды. 


Өңірде тек аумақтарды тазалауға ғана емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, әсіресе жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға басымдық берілуде. Бұл іске қоғамдық ұйымдар, еріктілер және қалалық «Жасыл ел» фронт-офисі белсенді атсалысып келеді. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында апта сайын экологиялық шара ұйымдастырылады.

Экологиялық тәрбие – өңірлік жоспардың негізгі бағыттарының бірі ғана. Жалпы жоспарға 40-тан астам іс-шара енгізілген. Олардың қатарында білім беру жобалары, ақпараттық науқандар, экологиялық еріктілер қозғалысын қолдау, сондай-ақ қалдықтарды бөлек жинау жүйесін дамытуға арналған бастамалар бар. Бұл жұмыстардың басым бөлігі тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді.

Жыл басынан бері республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына 350 мыңнан астам адам қатысты. Осы уақыт ішінде елді мекендер аумағынан 45 мың тонна қоқыс шығарылып, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар 30 мыңнан астам көшет отырғызды.

Гүлнар Сағитова, Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы бөлімінің басшысы

Өңірлік жоспар аясында «Жасыл даму» қоры арқылы қаржыландырылатын қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жөніндегі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Бүгінде Павлодар қаласында үш жоба қолға алынған. Атап айтқанда, жылына 150 мың тоннаға дейін, яғни қалада түзілетін тұрмыстық қалдықтың толық көлемін сұрыптауға мүмкіндік беретін «Сұрыптау орталығы» салынуда. Сонымен қатар пайдаланылған аккумулятор батареяларын жинау, сақтау, тасымалдау және қайта өңдеу жобасы іске асырылып жатыр. Бұдан бөлек, целлюлоза мен қайта өңделген макулатурадан қағаз және картон өндіретін зауыттың құрылысы жоспарланған.Өңірде коммуналдық қалдықтарды басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру мақсатында қала және аудан әкімдіктері коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламаларын әзірледі. Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетігі арқылы қоғамдық ұйымдарға тұрақты қолдау көрсетілуде.Егер 2025 жылы экологиялық үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп 7 іс-шара өткізілсе, биыл олардың саны 11-ге жетті.

«Таза Қазақстан» акциясы басталғалы «Жасыл ел» қозғалысының жұмысы жаңа деңгейге көтерілді. Енді жастар тек аумақтарды тазалаумен шектелмей, тұрғындарды экологиялық жобаларға тартып, табиғатты аялау мәдениетін кеңінен насихаттап жүр. Алдағы уақытта «Жасыл ел» жасақтары дәстүрлі экологиялық жәрмеңке ұйымдастырып, макулатура жинауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар қала көлемінде «Жасыл кросс» экологиялық жүгіру марафоны өтеді.

Арина Краскова, «Жасыл ел» қалалық штабының командирі

Алдағы уақытта «Жасыл ел» жасақтары дәстүрлі экологиялық жәрмеңке ұйымдастырып, макулатура жинауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар қала көлемінде «Жасыл кросс» экологиялық жүгіру марафоны өтеді. Оның барысында павлодарлықтар жүгірумен қатар жол бойындағы қоқысты жинайды. Бұдан бөлек, аудандардағы экологиялық жұмыстар да жалғасын табады. Экологиялық сананы қалыптастырудағы маңызды бағыттардың бірі – тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мен оларды тиімді басқару жүйесін жетілдіру болып табылады.

Тазалықты сақтау – баршаға ортақ міндет. Сондықтан «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында өңір тұрғындары алдағы уақытта да экологиялық акцияларға кеңінен тартылып, қоршаған ортаға жанашырлық күнделікті өмірдің ажырамас дағдысына айнала бермек.


Қымбат Садық