Жоламан ауылындағы сүт фермасында алты жұмысшының қаза табуына байланысты олардың отбасыларына жыл соңына дейін жалақы төленеді. Сондай-ақ несиелерін өтеуге көмек көрсетіліп, кәмелетке толмаған балаларының 18 жасқа дейінгі оқу шығындары өтеледі. Бұл туралы өңір басшысы Асайын Байханов серіктестікке барып, марқұмдардың жақындарымен кездесуде мәлімдеді.
Асайын Байханов Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаментіне, облыстық полиция департаменті мен прокуратураға қайғылы оқиғаның тергеуін ерекше бақылауға алуды тапсырды. Ол оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауды, сондай-ақ адамдардың өліміне кінәлі тұлғалардың жауапкершіліктен жалтармауын қамтамасыз етуді талап етті. Өңір басшысы қаза тапқандардың туған-туыстарына көңіл айтып, оларға мемлекеттік органдар мен жұмыс беруші тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Отбасыларға арнайы материалдық көмек беріледі, жыл соңына дейін жалақысы төленеді, қолданыстағы несиелерін өтеуге жәрдем көрсетіледі. Сонымен қатар компания кәмелетке толмаған балаларының 18 жасқа толғанға дейінгі күтімі мен оқуына байланысты барлық шығынды өз мойнына алады.