Облыс әкімдігінде өткен кезекті аппараттық кеңесте өңірдің биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері жан-жақты сараланды. Сонымен қатар облыстық бюджеттің орындалуы мен жұмыспен қамту картасының жүзеге асырылу барысы талқыланып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалды.


Алты айдың қорытындысы Павлодар облысы экономикасының тұрақты даму жолында екенін көрсетті. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің басым бөлігінде оң өсім байқалады. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 108,7 пайызды құрап, республикалық орташа деңгейден едәуір жоғары болды. Бұл – өңірдегі өндіріс, құрылыс, сауда және басқа да негізгі салалардың үйлесімді дамып келе жатқанын аңғартады.

Өңір басшысы барлық жоспарлы индикаторлардың жыл соңына дейін толық орындалуы басты міндет екенін атап өтті. Жиында облыстық бюджеттің орындалуы да егжей-тегжейлі қаралды. Биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша бюджет кірістері 247,1 миллиард теңгені құрады. Бюджет шығыстарының орындалу деңгейі 99 пайыз болса, облыстық бюджет қаражаты толық игерілген.

Әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты – халықты жұмыспен қамту мәселесі де кеңінен сөз болды. Биыл облыста 17,9 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде 14 мыңы – тұрақты жұмыс орындары. Ал бірінші жартыжылдықта 11 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, олардың 7,4 мыңнан астамы тұрақты қызметке орналастырылған. Бұл бағыттағы жұмыстар мемлекеттік бағдарламалар арқылы жалғасуда. Субсидияланатын жұмыс орындары, инфрақұрылымдық жобалар және «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы халықты еңбекпен қамтуға мүмкіндік беріп келеді. Өңірде цифрлық технологияларды енгізу ісі де жаңа деңгейге көтерілуде.

Жиын қорытындысында облыс әкімі Асайын Байханов барлық жауапты мемлекеттік органдарға жыл соңына дейін белгіленген нысаналы көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ туындауы мүмкін тәуекелдерге жедел ден қойып, алдын алу шараларын күшейту қажеттігін айтты.


Қымбат Садық