Прокуратура алимент бойынша берешегі бар азаматтардың бәс тігуіне шектеу қойды
Павлодар облысының прокуратурасы OLIMPBET букмекерлік кеңсесінің қызметінен заң бұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, алимент бойынша берешегі бар азаматтардың букмекерлік кеңсеге кіріп, құмар ойындарға қатысуына жол берілген.
Павлодар облысының прокуратурасы алимент төлеуден жалтаратын борышкерлерді анықтау және олардан қарызды өндіру бағытындағы бақылауды қатаң жүргізуде.
Нұрлан Кудасов, қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасы басшысының орынбасары
Тексеру барысында «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын бұза отырып, алимент бойынша 279 борышкердің ойын шоттарын кедергісіз толықтырып, құмар ойындарға қатысқаны анықталды. Олардың шоттарына салынған қаражаттың жалпы сомасы 600 млн теңгеден асқан, ал ұтыс ретінде шығарылған қаражат көлемі 415 млн теңгені құрады. Анықталған борышкерлердің 97-сі алимент төлеуден қасақана жалтарған тұлғалар болған. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша облыс прокуратурасы Ойын бизнесі және лотереяны реттеу комитетіне прокурорлық қадағалау актісін енгізді.
Қазіргі уақытта жеті букмекерлік кеңсе, оның ішінде OLIMPBET, БЕЖ-мен интеграцияны аяқтады. Тағы 10 оператор тиісті келісімдерге қол қойған.
Қабылданған шаралар букмекерлік кеңселердің қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейтіп, заң бойынша құмар ойындарға қатысуына тыйым салынған тұлғалардың бәс тігуіне жол бермеуге және алимент өндіру жөніндегі сот шешімдерінің орындалу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Павлодар облысының полиция департаменті рейдтік іс шаралар жүргізіліп жатыр. Мәселен, облыс орталығында Камаз және Range rover маркалы автокөліктер арнайы тұраққа қойылды. Олардың иелеріне қатысты қамаулар мен берешектер бар. Камаз иесінің жалпы берешегі 2 млрд теңгеден астам, ал Range rover иесінің берешегі 935 мың теңгеден асады.
Самал Қалиқызы