Самокат мінудің жаңа ережелері күшіне енді
25 тамыздан бастап Қазақстанда электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынды. Енді веложол бар болса, самокат жүргізушілері сол жолды пайдалануға міндетті. Ал веложол болмаған жағдайда, жолдың жүріс бөлігіне шығуы керек. Бұл ретте жолда жүру үшін жүргізуші куәлігі, шлем және 18 жастан асқан болу қажет. Самокат жүргізушілері үшін не өзгерді және олар жаңа талаптарды сақтауға дайын ба? Алдағы материалда.
Жолдың жүріс бөлігіне электрсамокатпен тек 18 жастан асқан, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныс шлемін киген азаматтар ғана шыға алады. Сонымен қатар жолаушы тасымалдауға және рөлді қолмен ұстамай, телефон пайдалануға тыйым салынады.Жаңа талаптар самокат пайдаланушыларына ғана емес, электрсамокаттарды жалға беретін компанияларға да қатысты.
Қуаныш Мұстафинов, Павлодар облысы полиция департаментінің жедел басқару орталығының бастығы
«Кикшеринг компаниялары электрсамокаттардың техникалық жарамдылығын қамтамасыз етуге, олардың жылдамдығы мен орналасқан жерін бақылауға, сондай-ақ тиісті талаптар қойылған аймақтарда жылдамдықты автоматты түрде шектеуге міндетті. Компаниялар самокаттарды ретсіз тұраққа қою жағдайларының алдын алып, пайдаланылатын электрсамокаттардың есебін жүргізіп, қажетті мәліметтерді ішкі істер органдарына ұсынуы тиіс. Пайдаланушыда жүргізуші куәлігі болмаған жағдайда, сервис электрсамокаттың жолдың жүріс бөлігімен қозғалу мүмкіндігін болдырмауы қажет».
Павлодарлықтардың өздері жаңа ережелерді қолдайды. Олардың айтуынша, бұл өзгерістер тротуарлардағы қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа талаптарды бұзған электрсамокат жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Полиция самокат пайдаланушыларын жол қозғалысының жаңартылған ережелерін сақтауға шақырып, алдын ала ескерту жұмыстарын жүргізді.
Жаңа талаптар жол қозғалысы саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер аясында қабылданып отыр. Оның басты мақсаты – барлық жол қозғалысына қатысушылардың, соның ішінде жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру.
Дильназ Қуанышбекқызы