Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жалғасуда
Ішкі істер министрлігі есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті жалғастыруда, деп хабарлайды Polisia.kz. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап әсері күшті заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Данияр Әубәкіров, ҚР ІІМ есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл комитеті басқармасының бастығының орынбасары
Ақтөбе облысында күшті әсер ететін осындай заттарды заңсыз өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Жедел-тергеу іс-шаралары барысында Алматы қаласындағы дәріханалардың бірінің фармацевті өзінің заңды қызмет мүмкіндіктерін пайдалана отырып, күшті әсер ететін заттардың ірі партияларын Ақтөбе облысына жеткізуді ұйымдастырғаны анықталды.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде қылмыстық топтың барлық мүшесі, оның ішінде ұйымдастырушысы, операторы, ораушылары және жасырын орындарға заттарды орналастырумен айналысқан тұлғалар ұсталды. Заңсыз айналымнан мыңнан астам дәрілік препарат тәркіленді.
ІІМ күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатындығын ескертеді.