Негізгі Жаңалықтар Аймақ басшысы Ақсу қаласында болды

Аймақ басшысы Ақсу қаласында болды

Ақсу қаласы алдағы жылу маусысына қаншалықты дайын. Шаһардың жаңа басшысы Әнуарбек Аманов дайындық барсын облыс әкіміне баяндады. 


Алдымен өңір басшысы қазандыққа барып, жабдықтарды қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Нысанның алдағы жылу маусымына дайындығын бағалап, қаладағы жылу желілерін жаңарту жобаларын қарады.

Биыл Ақсу қаласында бірден екі ірі жоба жүзеге асырылды. Біріншісіне 600 миллион теңге, ал екіншісіне 2,3 миллиард теңге бағытталды. Жалпы жылу инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары 600-ден астам көпқабатты және жеке тұрғын үйді қамтыды. Учаскелердегі барлық жұмыстар аяқталды, енді тек абаттандыру жұмыстары қалды. Асайын Байханов гидравликалық сынақтардың нәтижелеріне де жеке тоқталды.

Қазандыққа келсек, металлургтер мен энергетиктер қаласы жаңа жылу маусымын екі жұмыс істеп тұрған қазандықпен қарсы алады. Ауа температурасы айтарлықтай төмендеген жағдайда, қосымша тағы екі қазандық іске қосылады. Ақсу қаласында алғашқы ыстық су құбырлары қыркүйек айының ортасында берілуі тиіс.

Облыс әкімі Асайын Байханов қалалық жағажай мен жағалау аумағын абаттандырудың жоспарымен де танысты. Ең ауқымды өзгерістер жағажайда болады. Оны кеңейтіп, қала тұрғындарының демалуына барынша қолайлы жағдай жасау жоспарланып отыр. Жаңарту жұмыстары мәдени іс-шаралар өтетін жергілікті сахнаны да қамтиды. 

Жағалауды абаттандыру кезінде өңір басшысы жасанды материалдарды пайдалануды барынша азайтуды тапсырды. Сонымен қатар жобаны қайта қаржыландыру үшін қазан айының соңына дейін қайтадан есептеу жүргізу керек. 

Сондай-ақ Асайын Байханов кәріз желілерін қайта жаңғырту жұмыстарының барысын тексерді. Бұл бағытта Ақсу қаласында екі ірі жоба жүзеге асырылды. Құны 2,3 миллиард теңге болатын алғашқы жоба аясында 2,5 шақырым кәріз желісі жаңартылды. Ал екінші жобаға 2,8 миллиард теңге бағытталды. Оның ұзындығы 2,2 шақырымды құрайды.

Жұмыс сапарының соңғы нысаны құрылысы созылып кеткен көпқабатты тұрғын үй болды. Өңір басшысы құрылыс жұмыстарының қазіргі кезеңімен танысып, мердігер ұйым өкілдерімен нысанның дайындық деңгейін, инженерлік желілерге қосылуын және ішкі әрлеу жұмыстарының орындалуын талқылады. Тұрғын үй төрт қабатты және 81 пәтерге есептелген.


Бөлісу