Шарбақты ауылының жолдары жөнделуде
Шарбақты ауданы
Шарбақты ауданында жол инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Биыл аудан аумағындағы төрт жол аумағында күрделі жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде елді мекендер арасындағы қатынас пен ауылішілік жолдардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік туды. Алдағы уақытта да жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасады.
Биыл Назаровка ауылына кіреберіс жол жөнделді. Ұзындығы 3 шақырымды құрайтын учаскеде тиісті жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар Шарбақты ауылының ішкі жолдары да жаңартылды. Атап айтқанда, Толстой, Поляков және Тәуелсіздік көшелерінде күрделі жөндеу жүргізілді. Жаңартылған жолдардың жалпы ұзындығы 7 жарым шақырымға жетті.
Жанат Баисов, Шарбақты ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы
Бұдан бөлек, Тәуелсіздік көшесінде көлік қоятын орындар жасалып, жол жиектері орнатылды. Жалпы жобаларды жүзеге асыруға 744 миллион теңге бөлінді. Мердігерлер жол белгілерін орнатып, жол таңбаларын сызу жұмыстарын да орындады. Алдағы уақытта Шарбақты ауылының үш көшесі мен Малиновка ауылының бір көшесін күрделі жөндеу жоспарланып отыр.
Аудандағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жол жөндеумен шектелмейді. Келер жылы Шарбақты ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін күрделі жөндеу көзделген. Сонымен қатар ауылдың оңтүстік бөлігінде жаңа спорт кешенін салу мәселесі де қарастырылып жатыр.
Сабина Жолдаспаева