Негізгі Жаңалықтар «Самалдың» тағдыры не болмақ?

«Самалдың» тағдыры не болмақ?

 «Самал» орталығының төңірегінде түрлі пікірдің айтылып жүргеніне біраз болды. Бірі орнына тұрғын үй салынады деді, бірі ғимарат сүріледі деді. Бірақ көптің көкейінде жүрген сұрақ біржақты шешілетін болды. Ондағы жұмыстармен облыс әкімінің өзі барып танысты. 

Шаһарды аралау кезінде облыс әкімі «Самал» оңалту орталығына барды. Қалалық әкімдік балансындағы ғимарат аясында соңғы кездері түрлі пікір сан сақты. Осыған байланысты Асайын Байханов бұған дейін ғимараттың сенімгерлік басқаруда болғанын, кейін «Самал» оңалту орталығы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қызмет көрсеткенін атап өтті. 1982 жылғы нысанда енді жөндеу жұмыстары басталмақ.  

Орталықтың аумағын абаттандыруға қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жауапты болады. 

Жоспар бойынша, орталықты 2027 жылдың наурыз айының соңына қарай іске қосу көзделіп отыр. Мекеме толық жұмысын бастаған кезде күніне 100 адамға дейін қабылдап, психоневрологиялық аурулары бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған ересектерге күндізгі уақытта оңалту қызметтерін ұсынатын болады.

Қазір қажетті мамандарды жұмысқа қабылдау басталған. Сонымен қатар, мекеменің басшысын таңдау мәселесі қарастырылып жатыр.


Самал Қалиқызы


Бөлісу