Негізгі Жаңалықтар «Ертістің» үміті қайта оянды

«Ертістің» үміті қайта оянды

Футболдан Қазақстан чемпионаты аясында «Ертіс» «Атырау» командасымен ойнады. Бұл матч қос команда үшін де аса маңызды еді. Оййын аса тартысты болды. Алдағы материалымызда толығырақ.



Кестеде Павлодарлықтар алаң иелерінен бір ұпайға қалып келе жатты. Сондықтан бұл ойынды екі команда үшін де алты ұпайға бағаланған кездесу деуге болатын еді. 14-минутта Рамазан Каримовтың пасынан кейін «Атырау» қақпасының алдында бәрінен бұрын қимылдаған «Ертіс» қорғаушысы Мбоджи Мамаду болды. Бұл — оның осы маусымдағы екінші голы. Бірінші таймның соңына қарай алаң иелері есепті теңестірді. Гол авторы — Дорде Пантелич. Екінші тайм павлодарлықтар үшін сәтсіз басталды. 51-минутта Руслан Юденков допты өз қақпасына бағыттап, автогол авторы атанды. Одан кейін Джордже Максимович «Ертістің» қақпасына қауіп төндіргенімен, гол соға алмады. Ол бұдан кейін де «Атыраудың» тағы бір шабуылы кезінде қақпаға дәл соққы жасай алмады. Гол соқпасаң, өз қақпаңа гол жібересің. Футболдағы осы қағида 61-минутта тағы бір мәрте дәлелденді. Сағи Мәлікайдардың нәтижелі шабуылы Тимур Мұхаметжановқа берілген пастан кейін голмен аяқталды. Ал 72-минутта қонақтар алға шықты. Юша Шимамураның соққысынан кейін доп қақпаның көлденең маңдайшасына тиді. Қайтарылған допқа бірінші болып Руслан Юденков жетті. Осылайша, «Ертіс» капитаны автоголдың есесін қайтарды. 90-минутта павлодарлық команданы қорғаушы Демият Сламбеков құтқарып қалды. Ол доптың қақпа сызығынан өткізбеді. Нәтижесінде командамыз 3:2 есебімен маңызды жеңіске қол жеткізді.

Ерлан Шойтымов, «Ертіс» футбол клубының бас бапкері

Ойынның маңызы өте жоғары болды, өйткені бұл — алты ұпайға бағаланған кездесу. «Атырау» футбол клубына да ұпай қажет болғанын түсінемін. Қатарынан үш рет жеңілгеннен кейін ұпай бізге де ауадай қажет еді. Жігіттер өз міндеттерін орындады деп ойлаймын. Гол соққаннан кейін жолымыз болмаған сәттер де болды, мүмкіндіктер де кездесті. Екінші голды өз қақпамызға өзіміз соғып, оңай жіберіп алдық. Бірақ жігіттер жарады! Олар дереу жиналып, қысымға төтеп берді. Есепті теңестіріп қана қоймай, жеңіске жетті. Жеңісті жұлып алды деуге болады.

 «Атыраудағы» жеңіс «Ертіске» турнирлік кестеде 12-орынға көтерілуге мүмкіндік берді. Дегенмен, павлодарлық клубтың Премьер-лигадағы орнын сақтап қалатынына әзірге толық кепілдік жоқ.

Теориялық тұрғыдан алғанда, командамыздан бір саты төмен тұрған «Жетісу» клубы «Ертістен» озып кетуі мүмкін. Чемпионаттың шешуші, соңғы турында, 31 қазан, сенбі күні павлодарлықтар өз алаңында ел чемпионы — шымкенттік «Ордабасы» командасын қабылдайды.



Бөлісу