Диабеттік табан орталығы ашық есік күнін өткізді
Қант диабеті аяқтағы қан айналымын бұзып, жаралардың пайда болуына әкелуі мүмкін. Уақытылы емделмесе, бұл ауыр асқынуларға ұласады. Осы дерттің алдын алу және медициналық көмектің мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында Павлодар қалалық №1 ауруханасының Диабеттік табан орталығында ашық есік күні өтті. Толығырақ алдағы сюжетте.
Павлодар облысында эндокриндік ауруларға шалдыққан науқастардың саны артып келеді. Олардың шамамен 40 пайызы әртүрлі деңгейде аяқ-қолын ампутациялауға мәжбүр болған. Жаңа орталықта науқастарға амбулаториялық және стационарлық көмек көрсетіліп, заманауи әдістермен емдеу жүргізіледі.
Нұрлан Жұмажанов, Павлодар қалалық №1 ауруханасының басшысы
Биылғы тоғыз айда ауруханада 60-тан астам ампутация жасалды. Енді жаңа орталықтың көмегімен қант диабетінің асқынуына байланысты жасалған оталардың есебін жеке жүргіземіз. Бұл емдеу сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – науқастарға аяқ күтімі мен аурудың алдын алудың маңызын түсіндіру. Асқынуды ерте анықтау арқылы ампутацияны кейінге шегеріп, адамның еңбекке қабілеттілігін сақтауға тырысамыз.
Орталықта науқастардың жағдайын бірнеше бағыт бойынша бағалап, емдеу тәсілі жеке анықталады. Мұнда дер кезінде көрсетілген көмектің нәтижесін сезінгендердің бірі – 80 жасқа таяған Дәулет Әубәкіров. Ол аяқтарындағы қан айналымына байланысты екі рет хирургиялық ем қабылдаған.
Дәулет Әубәкіров, Павлодар қаласының тұрғыны
Аяқтан жүре алмай табанымдағы тамырлардан. Осы 9 қыркүйекте сол аяғымды жасады экстренно. Ол аяғым қазір бүгіледі жүреді. Сосудистый хирургия емін алдым. Бұл жазылмай тұрып, екінші аяғым тағы сондай жағдайға түсіп қалды. Ісіп кетіп. Сосын жуырда екі жұма болды ауруханаға жатып, ота жасалған. Міне шыққам, бәрі жақсы өтті.
Мамандар диабетпен ауыратын адамдарға аяқ күтіміне ерекше мән беріп, жаралар мен қан айналымындағы өзгерістерді дер кезінде тексертуге кеңес береді. Жаңа орталықтың негізгі міндеті – аурудың асқынуын ерте анықтап, күрделі операциялардың алдын алу және науқастардың өмір сапасын жақсарту.
Сабина Жолдаспаева