«Ертіс» телеарнасында оқу бұрышы ашылды
Кітап – жай ғана ақпарат көзі емес, ой-өрісті кеңейтіп, тұлғаның дүниетанымын қалыптастыратын құрал. Қазір қоғамда кітап оқуды насихаттауға, ұлттық әдеби мұраны дәріптеуге ерекше көңіл бөлініп жатыр. Осы игі бастамадан «Ертіс» арнасы да шет қалған жоқ. Жақында арнамызда арнайы оқу бұрышы ашылды.
Мемлекет басшысы кітап оқу мәдениетін дамытып, зерделі ұлт қалыптастыруға баса назар аударып келеді. Осы орайда «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында арнамызда оқу бұрышы ашылды. Мұнда басты назар жергілікті қаламгерлердің шығармашылығына аударылған. Игі іске алғашқылардың бірі болып үлес қосқан ақын, жазушы Алпысбай Хонж арнамызға арнайы келіп, кітаптар сыйға тартты.
Осылайша арна қызметкерлері мен қонақтары бос уақытты мазмұнды өткізіп, павлодарлық авторлардың туындылармен таныса алады. Ал оқу бұрышының қоры одан әрі толыға түспек.
Жұлдыз Қабылденова