Балаға бақыт сыйлаған жандар
29 қазан – Қамқоршылар күні. Бұдан бөлек, биыл ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға отбасын табуға көмектесіп келе жатқан «Ана үйі» қорының Бала асырап алу ұлттық агенттігіне 10 жыл толып отыр. Қос мерекеге орай жастар бастамаларын дамыту орталығында салтанатты іс-шара өтті. Оған арнамыздың түсірілім тобы да қатысып қайтты.
Толқын Сегізаева – 6 баланың анасы, 4 немеренің әжесі. Өз перзенттері ер жетіп қалған шақта, ол отбасына тағы үш баланы асырап алған. Ұл-қызы түрлі этнос өкілдері болса да, жанұя барлығына қазақи тәрбие беріп, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр.
Көпбалалы ана мерекелік іс-шараға жиналған барлық қамқоршыны құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
Іс-шараға өңірдің түкпір-түкпірінен қамқоршы ата-аналар жиналды. Жиынды «Ана үйі» қоғамдық қорының Бала асырап алу ұлттық агенттігі мен Облыстық әйелдер күштері альянсы ұйымдастырды. Басты мақсат – бала асырап алу дәстүрінің маңызын көрсету.
Мәншүк Уәлиева, «Ана үйі» қоғамдық қорының бала асырап алу ұлттық агенттігінің Павлодар облысы бойынша аймақтық психологі
Бұл іс-шара барша қамқоршыға, Қазақстандағы баланы отбасына орналастырудың барлық нысанына арналады. Оны ата-аналардың танысып, балалардың өнерін тамашалап, қамқоршылардың әлеуетін көріп, тәжірибе алмасуы үшін ұйымдастырып отырмыз. Сонымен қатар, «алаң – барлық ата-ананың басын біріктіретін өзіндік бір коворкинг орталық десек болады.
Ұйымдастырушылар агенттіктің өміріне белсене араласып жүрген жандарды марапаттады. Кейін қамқоршылардың балалары сахнаға шығып, ана туралы ән шырқады. Бұл сәт көрерменнің жүрегін елжіретіп, көздеріне жас үйірді.
Жұлдыз Қабылденова