Егін бітік, техника сақадай сай
Шарбақты ауданы
Шарбақты ауданындағы «Турбин» шаруа қожалығында күнбағыс, бидай, арпа және қарақұмық өсіріледі. Биылғы орақ науқаны қалай аяқталды? Шаруашылық қандай жаңа техникалармен толықты? Алдағы сюжеттен білейік.
«Турбин» шаруа қожалығы 1999 жылдан бері жұмыс істейді. Биыл егіс көлемі 5 мың гектарды құрады. Жаздың қуаңшылығына қарамастан, диқандар күзгі жиын-теріннің нәтижесін жаман емес деп бағалайды.
Владимир Турбин, «Турбин» шаруа қожалығының басқарушысы
Оның 1600 гектарына күнбағыс, 550 гектарына бидай, 900 гектарына арпа орналастырдық. Әр гектардан орта есеппен 10 центнер күнбағыс, 6 центнер бидай, 8 центнер арпа жиналды. Ылғалды сақтау шараларын дұрыс жүргізіп, тыңайтқыштар мен гербицидтерді, пестицидтерді уақтылы қолдандық. Сапалы тұқым да өз нәтижесін берді.
Қазір шаруашылықта күнбағыс жинау жұмыстары аяқталуға жақын. Орақ науқаны біткен соң ауыл шаруашылығы техникалары қысқы күтімге қойылып, келесі егіс маусымына дайындалады. Сонымен қатар шаруашылық машина-трактор паркін жаңартуға да басымдық беріп отыр. Мұнда жыл сайын жаңа техника сатып алынады.
Владимир Турбин, «Турбин» шаруа қожалығының басқарушысы
Қазір шаруашылықта К-700 маркалы 8 трактор, «Бюлер 2400» маркалы 3 трактор және 8 комбайн бар. Биыл 2 трактор, бір комбайн және агродрон сатып алдық. Дронның жүк көтеру мүмкіндігі – 100 келі. Ол 10 сағаттық жұмыс ауысымында 250-300 гектар жерді өңдей алады. Оның артықшылығы жерүсті техникасы жүре алмайтын аумақтарда да жұмыс істейді. Мәселен, топырақ ылғалды болғанда немесе өсімдіктердің биіктігі жерүсті техникасының қозғалуына кедергі келтіргенде тиімді. Бұл еңбек өнімділігін 20-30 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Алдағы мақсатымыз – өздігінен жүретін бүріккіш техника сатып алу.
Техниканың үздіксіз жұмыс істеуі үшін оған уақытылы күтім жасап, қажетті бөлшектерді дер кезінде ауыстыру маңызды. Бұл іске шаруашылықтың жабдықтау мамандары жауапты. Олар қосалқы бөлшектерге тапсырыс беріп, жеткізілуін қадағалайды. Ал қалпына келтіруге болатын бөлшектер жөндеуден өткізіледі.
Дмитрий Безуглов, «Турбин» шаруа қожалығының жабдықтау маманы
Шаруашылықта арнайы техниканың бірнеше түрі бар. Егіс алқаптарында жұмыс істейтін техникаларға тұрақты қызмет көрсету қажет. Ол үшін қосалқы бөлшектерге тапсырыс беріп, олардың сапасын тексеріп, уақытында жеткізілуін қамтамасыз етеміз. Кейбір бөлшектерді жаңасына ауыстырғанымен, ескілерін де бірден тастамаймыз. Шаруашылықта токарь мен дәнекерлеуші бар. Олар қажетті бөлшектерді жасап, тозғандарын жөндеп, қайта пайдалануға жарамды етеді.
Шаруашылықта өсірілген өнім ішкі нарыққа да, шетелге де жөнелтіледі. Күнбағыс Шымкентке жеткізілсе, бидай құс фабрикалары мен Павлодар қаласындағы диірмендерге сатылады. Астықтың бір бөлігі экспортқа шығарылады. Ал қарақұмық негізінен Еуропа елдеріне, соның ішінде Латвия мен Литваға жөнелтіледі.
Сабина Жолдаспаева