Ата-аналар арасындағы үздік волейбол командасы анықталды
Облыста Республика күніне арналған іс-шаралар легі тоқтаған жоқ. Жақында Баянтау спорт кешенінде облыстық «Ата-аналар лигасы» аясындағы волейбол турнирінің финалы өтіп, жеңімпаздары анықталды. Толығырақ әріптесім жалғастырады.
Ата-аналар арасындағы волейбол бәсекесі бірнеше жыл қатарынан өткізіліп келеді. Бастапқыда жарыста тек Павлодар шаһарының командалары бақ сынаса, қазір дода облыстың барлық қала мен аудандарын қамтып отыр. Осылайша, ұйымдастырушылар ортақ мүддесі бар әрі спортты сүйетін жандардың басын біріктірді.
Перизат Құрманәлі, турнир ұйымдастырушысы
«Достықтың ойыны болсын, Республика күні құтты болсын, әрбір шаңырақта тек жақсылық пен қуаныш болсын!» - дегіміз келеді. Жалпы біздің осындай турнирлер ұйымдастыруымыздың басты мақсаты – жаңа атап өткендей, қоғамдағы саналы азаматтардың жауапкершілігін арттыру, ортақ көзқарас, ортақ құндылығы бар азаматтардың басын қосатын, мемлекетке бір жауапкершілігін сезініп, мемлекеттің алдындағы бір азаматтық жауапкершілік пен өңіріміздің, өлкеміздің дамуына өзіндік үлес қосатын азаматтардың ортасын қалыптасту.
Турнирдің басты ерекшелігі – мұнда кәсіби спортшылар емес, қарапайым ата-аналар бақ сынайды. Ереже бойынша, қатысушылардың кәсіби жетістігі болмауы шарт. Сонымен қатар әйелдердің жасы 30-дан, ал ерлердің жасы 35-тен жоғары болуы тиіс. Өз аудандарында топ жарған осындай 12 команда бәсекеге түсіп, мықтыны анықтады.
Мейрам Аужанов, турнир қатысушысы (Баянауыл ауданы)
Бүгін Республика күніне арнайы үлкен іс-шара өткізіп жатыр. Соған көп алғысымызды айтамыз. Біздің топ ата-аналар арасында жиналған. Жарысқа дайындалдық. Бүкіл қатысушыларға сәттілік!
Жарыс жүлдегерлеріне алғыс хаттар, медальдар мен сыйлықтар табысталды. Ал жеңімпаздар, мұнымен қоса, ауыспалы кубокқа ие болды. Бұдан бөлек түрлі жекелей аталым иелері де анықталды.
Жұлдыз Қабылденова