Негізгі Жаңалықтар Туған жер естелігі

Туған жер естелігі

Павлодарда Мұхит Жақсылықұлының екі кітабының тұсаукесері өтті. Автор оларды туған өлкеге, өткен күн естеліктеріне және өмірінде өшпес із қалдырған жандарға арнаған. Кездесуге зиялы қауым өкілдері, жазушының достары мен жақындары жиналды. Толығырақ әріптесім баяндайды.



Кітаптардың авторы Мұхит Жақсылықұлы 1956 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң Ресейдің Екатеринбург қаласында газ және жылу энергетикасы саласында білім алған. Мамандығы бойынша Ұлан-Баторда он жыл жұмыс істеген. 1991 жылы жұбайымен және тағы 165 отбасымен бірге Баянауылға көшіп келген. Алғашқы екі жыл шопан болып еңбек етіп, кейін техникалық училище директорының орынбасары болған. Әр жылдары көші-қон қызметінде де жұмыс істеп, газет редакциясын басқарған. Ал 2020 жылы зейнет демалысына шыққан.

Автор кітаптарының тұсаукесеріне оның досы әрі сыныптасы, жазушы Абай Мауқарұлы Алматыдан арнайы келді. 

Кездесу басында автордың өмір жолы мен кәсіби қызметі туралы сөз болды. Кейін салтанатты түрде лента қию рәсімі өтті. Сондай-ақ музыкалық тарту орындалды.

 Жазушыны құттықтау үшін әріптестері, достары, туыстары мен зиялы қауым өкілдері жиналып, сый-сыяпаттарын табыстады. Ұлттық дәстүр бойынша автордың иығына шапан жабылды. Ал қаламгердің немерелері қонақтарға аталарының өлеңдерін оқып берді. Кітап тұсаукесері шашу мен жылы лебізбен аяқталды. Қазір екі туындыны да облыстағы кітапханалардан табуға болады.


Жұлдыз Қабылденова



Бөлісу