Павлодарда ауқымды хакатон жеңімпаздары марапатталды
28 қазан мен 2 қараша маралығында Павлодарда ірі хакатон өтті. 2 миллион теңгелік жүлде қорын сарапқа салды. Шаһардың цифрлық әлеуетін дамытуға бағытталған жобалар байқауының қорытындысы Естай атындағы мәдениет сарайында шығарылды. Сайысқа қатысушылар қандай бағытта жоба әзірлеп, көпшілікке не ұсынды? Алдағы сюжетте.
Хакатон қатысушылары жобаларында қалалық түйткілдерге жасанды интеллект көмегімен тиімді шешім табуға тырысты. Шаһар басшысы тың идеялар мен ұсыныстарды тыңдап, оларға көмек көрсетуге дайын екенін айтты.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай ауқымды жоба облысымызда бірінші рет өтті. Еліміздің бірнеше қаласынан алпыстан аса команда, жүз жиырмадан астам қатысушы жиналды. Ал басты шарттардың бірі – сайыскерлердің жасы 16-дан асқан болуы тиіс.
Ярослав Ботов, «I-global corp» ЖШС басшысы
Алдымен жас мамандарды қолдауды басты мақсат еттік. Қатысушыларың басым бөлігі де –колледж, университет студенттері, сондай-ақ мектеп оқушылары бар. Бұл бастама, сөзсіз, шаһарымызда цифрлық технологияларды дамытуға серпін береді.
Хакатон екі бағыттан құралды. Алғашқысы – мемлекеттік қызметке арналған аі-көмекші әзірлеу. Бұл ретте «SYSTEM-M» командасы әкімдік қызметкерлерінің жұмыс жүктемесін азайтып, ақпаратты өңдеуге көмектесетін жүйе ұсынды. Бұл бағдарлама тұрғындардың арыз-өтініштерін саралап, басты мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді.
Николай Гришин, «System-M» командасының мүшесі
Күн сайын келіп түсетін ақпарат ағыны ауқымды. Кейде әкімдік пен түрлі ведомство, бөлім қызметкерлері түскен пікірлердің көптігінен нақты мәселені бірден байқай алмай қалады. Ал бұл өз кезегінде наразылық тудыруы мүмкін. Біздің өнім осының бәрін сүзгіден өткізіп, бір жерге жинайды, ал жасанды интеллект артық дүниенің бәрін алып тастайды. Нәтижесінде, кез келген қызметкер дайын лентадан жұмыс барысын бірден көре алады. Артық уақыт жоғалтып, ұзақ зерделеудің қажеті жоқ – бәрі өте түсінікті әрі оңай.
Ал шаһарды көгалдандыру бағыты бойынша бақ сынаған екібастұздық «PAVLODAR SMART GREEN» командасы өзінің суаруды бақылау жобасын көгалдандыру картасымен толықтырды. Бұл жүйе GPS көмегімен өсімдіктердің суарылуын ғана қадағаламайды, жаңадан отырғызылған көшеттердің жеке паспортын жасауға да мүмкіндік береді.
Әрбір бағыт бойынша үздік үштік марапатқа ие болды. Екі миллион теңгелік жүлде қорынан бөлек, қатысушылардың ұсынған жобаларын жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылмақ.
Жұлдыз Қабылденова