Негізгі Жаңалықтар Жастар саз кешінде бас қосты

Жастар саз кешінде бас қосты

Шаһардың талантты жастары өнерлерін ортаға салды. Олардың қабілетін көпшілікке паш етіп, әлеуетін ашу мақсатында арнайы «Саз кеші» ұйымдастырылды. Толығырақ келесі сюжетте. Толығырақ – келесі сюжетте.


Шабыт пен ізденіске толы жастық шақ – өнердің де қанат жаяр кезеңі. Осы орайда сахнада бағын сынағысы келген жас орындаушылар мен ақындар «Саз кешіне» жиналды. Шығармашылық іс-шара Жастар бастамаларын дамыту орталығында өтті.

Жастар орталығы бұл кешті музыкалық колледжбен бірлесе отырып ұйымдастырған. Көрермен алдында «Леп» әдеби бірлестігінің ақындарымен қоса колледждің студенттері де өнер көрсетті. Әсіресе, өнер жолына енді қадам басқан жастар үшін бұл сахнаға бой үйретіп, тәжірибе жинақтайтын таптырмас алаңға айналды.

Кештің басты ерекшелігі – барлық қатысушы тек қазақ тілінде ән шырқап, өлең оқыды. Әрбір поэзиялық және музыкалық нөмір көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Осылайша, саз кеші дарынды жастардың бас қосып, өнерлерін ортаға салуына, шығармашылық шыңдалуына айтарлықтай ықпал етті. Бұл – колледж бен жастар орталығы серіктестігінің бастамасы ғана. Алда талай қызықты жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Жұлдыз Қабылденова


Бөлісу