Есірткі құралдары мен психотроптық препараттардың заңсыз айналымымен айналысқан топтар ұсталды
Қазан айында еліміздің бірнеше өңірінде есірткі мен күшті әсер ететін психотроптық препараттарды жеткізудің заңсыз арналары әшкереленіп, оларды өткізу схемаларының жолы кесілді. Атап айтқанда, Көкшетау мен Щучинск қалаларында, сондай-ақ «Бурабай» курорттық аймағында оларды таратумен айналысқан қылмыстық топ мүшелері бір мезгілде қолға түсті. Бұл туралы «Polisia.kz» медиа-порталы хабарлады.
Жедел түсірілім
Барлығы 11 адам ұсталды. Олардың қатарында фармацевтикалық компаниялардың иелері мен қызметкерлері, курьерлер және өзге де тұлғалар бар. Тінту іс-шаралары барысында "Тропикамед" препаратының 50 мыңнан астам құтысы және осыған ұқсас басқа да препараттардың шамамен 4 мың бірлігі тәркіленді. Сонымен қатар атыс қаруы, оқ-дәрілер, бірнеше автокөлік және ірі көлемдегі ақша қаражаты, оның ішінде шетел валютасы анықталып, тәркіленді. Осыған ұқсас іс-шаралар Қарағанды және Теміртау қалаларында да жүргізілді. Нәтижесінде жергілікті қылмыстық орта өкілдері кірген 10 адамнан тұратын топ ұсталды. Олардың Қарағанды облысының аумағында күшті әсер ететін психотроптық препараттарды өткізуге қатысы бар екенін растайтын дәлелдер жиналды. Тінту барысында психоактивті заттар, травматикалық және суық қару анықталып, тәркіленді. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Қуандық Алпыс, ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі
Мұндай қылмыстар қоғамға елеулі қауіп төндіріп, адамдардың өмірі мен денсаулығына ауыр зардаптар әкелуі мүмкін. Қабылданған шаралардың нәтижесінде күшті әсер ететін препараттарды заңсыз таратудың бірнеше арнасының қызметі тоқтатылып, қауіпті өнімдердің едәуір көлемі заңсыз айналымнан алынды және олардың халық арасында одан әрі таралуына жол берілмеді. ІІМ осындай қылмыстарды анықтау және жолын кесу, заңсыз схемаларды ұйымдастырушыларды анықтау және оларды заңда белгіленген жауаптылыққа тарту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.