Исабек Ишан кесенесіне апаратын жол жөнделеді
Екібастұз ауылдық аймағы
Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл ауылында жол мәселесі өзекті. Әсіресе, ауылдан 14 шақырым қашықтықтағы Исабек Ишан кесенесіне баратын бағытты абаттандыру маңызды. Қазір бұл жерде арнайы жол жоқ. Дегенмен, келер жылы құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланған. Жоба қашан және қалай жүзеге аспақ?
Ақкөл ауылынан кесенеге дейінгі жолды салу үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Құрылысқа қажетті материалдар жеткізіліп, жобаны жүзеге асыру мерзімі белгіленген.
Ерлан Қабылтаев, Ақкөл ауылдық округінің әкімі
Жаңа өздеріңіз аралап, көріп өткендей ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында, оның үстіне сіздер білесіздер Исабек Ишан хазреттің кесенесі бар бізде ауылдан 14 шақырымдық жерде. Былтырдан бері құрылыс материалдарын дайындап, қиыршық тастар, құмдар әкелінді. Жоспар бойынша 2027 жылы салу. Жалпы Исабек Ишан кесенесі облыстағы туристік үштіктердің біріне кірген жоба. Жыл сайын 3000-3500 турист келеді. Жол салынатын болса әрине халық көп жиналып, 10-15 мыңға дейін Исабек Ишан атамыздың басына туристер келеді деп жоспарлануда.
Қазіргі уақытта құрылысқа қажетті 50 мың тонна тас пен құм әзірленген. Жобаны келер жылы қолға алу көзделіп отыр. Қаржыландыру облыстық және республикалық бюджет есебінен қарастырылған.
Сабина Жолдаспаева