Ертіс ауданында инклюзиялық қолдау кабинеті ашылды
Ертіс ауданы
Мемлекет басшысы Жолдауында инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше назар аударды. Бұл бағытта білікті мамандар тапшылығын азайтып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды ерте анықтау маңызды. Осы міндеттер аясында Ертіс ауданы, Ертіс ауылындағы номері үшінші мектебінде инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Жаңа орталық оқушылардың білім алуына және жеке қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.
Ертіс ауылындағы №3 мектепте инклюзияны қолдау кабинетінің ашылуы білім беру саласындағы маңызды жаңалық. Мұнда аутизм және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларға қажетті жағдай жасалған. Басты мақсат әр оқушының қабілетіне қарай білім алуына мүмкіндік беріп, қоғамда тең мүмкіндіктер қалыптастыру.
Кабинетте балалардың жас ерекшелігі мен қажеттіліктеріне сай жұмыс жүргізіледі. Мұнда оқушылар оқу барысында кездесетін қиындықтарды еңсеріп, мамандардың көмегін алады. Бұл ретте олар негізгі оқу үдерісінен қол үзбейді.
Қазіргі таңда мектепте ерекше білім беру қажеттіліктері бар 14 бала оқиды. Білім ордасында барлығы 388 оқушы білім алса, мектепалды даярлық сыныбына тағы 20 бала барады. Ұжымда 45 педагог еңбек етеді.
Инклюзияны қолдау кабинетін ашуға 25 миллион теңге бөлінген. Қаражатқа заманауи жабдықтар мен компьютерлік техника, «ақылды» айна және логопедиялық құралдар сатып алынды. Енді ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар арнайы мамандардың көмегімен жеке жұмыс істеп, өз қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алды.
Сабина Жолдаспаева