Таланттар бас қосқан орда
Май ауданы
Бірі алғаш рет сахнаға шықса, енді бірі спортқа деген қызығушылығын оятып, тағы бірі болашақ мамандығын таңдауға алғашқы қадам жасап жүр. Май ауданында балалардың өз жанына жақын іспен айналысып қана қоймай, бұрын тек армандаған дүниелерін жүзеге асыруға да мүмкіндігі бар. Мұнда қосымша білім беру жаңа қызығушылықтар мен тың идеяларға, батыл қадамдар мен алғашқы жетістіктерге жол ашатын ерекше ортаға айналған.
Май ауданындық оқушылар үйіндегі әр үйірменің артында тек сабақ кестесі мен оқу үдерісі ғана емес, баланың қабілетін ашуға берілген мүмкіндік жатыр. Аудандағы әртүрлі қызығушылығы бар балалар толықтай қамтылған. Туризм мен экологиядан бастап, музыка, спорт және техникалық шығармашылыққа дейінгі үйірмелер жұмыс істейді. Бүгінде мұнда 506 бала білім алып, өз қабілеттерін шыңдап жүр.
София Сәбитова, Май аудандық оқушылар үйінің директоры
«Биыл бізде түрлі бағыттағы 40 үйірме жұмыс істейді. Олардың қатарында шығармашылық, экологиялық, спорттық және басқа да бағыттар бар. Балалардың жас ерекшеліктері де әртүрлі. Әр бала өз қызығушылығына қарай қалаған үйірмесін таңдай алады. Биыл жаңадан «Жас аспаз» және «Айтыс» үйірмелері ашылды. Алдағы уақытта тағы бір үйірме ашу жоспарымызда бар. Ол робототехника бағытына жақын болады.
Музыка сыныптарында ерекше атмосфера қалыптасқан. Мұнда балалар тек ән айтуды ғана емес, көрермен алдында өнер көрсетуше және сахнада өздерін сенімді ұстауға үйренеді. Өйткені сахнаға шығу – ән орындаумен ғана шектелмейді. Бұл – өзіңді таныту өнері. Ал заманауи технологиялар ұстаздарға оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін қолдануға мүмкіндік береді.
Әр баланың өз қарқыны, өз жолы бар. Ең бастысы – қателесуден қорықпай, қайта талпынып, бір күні көрерменнің қошеметіне бөленуге мүмкіндік беретін ортаның болуы. Кейде бұрын қолымнан келмейді деп ойлаған істің сәтті орындалғанын түсінудің өзі үлкен қуаныш. Міне, осындай кішкентай жаңалықтар мен алғашқы жетістіктер баланың өзіне деген сенімін арттырып, үлкен болашаққа жол ашады.