«Ертіс» ел чемпионын ұтты
Қазақстан Премьер-лигасының биылғы маусымы мәресіне жетті. Ал соңғы – отызыншы турда «Ертіс» өз алаңында шымкенттік «Ордабасыны» қабылдады. Матч қалай өтті? Әріптесім тарқатады.
Спортта, әсіресе, футболда мерзімінен бұрын чемпион атанған командаға келесі ойында қарсылас ұжым «чемпиондық дәліз» ұйымдастыратын дәстүр бар. Ойын алдында павлодарлықтар «Ордабасы» ойыншыларына осындай құрмет көрсетті.
Андрей Мартин, «Ордабасы» ФК бас бапкері
Клубымыз үшін маусым жақсы өтті. «Ертіс» командасына да алға қойған тапсырманы орындап, лигадағы орнын сақтап қалғаны құтты болсын! Бұл матчты өткізгені үшін, сондай-ақ «чемпиондық дәліз» ұйымдастырғаны үшін алғысымызды білдіреміз, біз үшін зор құрмет болды! Көп рақмет!
Ойынға келетін болсақ, оныншы минутта «Ордабасы» қорғаушысы Рамазан Сердалы Тимур Мұхаметжановқа қарсы ереже бұзды. Сөйтіп, павлодарлықтар пенальти тебуге мүмкіндік алды.
Алайда «Ертіс» шабуылшысы гол соға алмады.
Бейнеқайталаудан кейін, шымкент қақпашысы соққыға дейін сейвті бастап кеткені анықталып, пенальти қайта соғылды.
Руслан Юденковтың тепкен айып добын Қажымұқан Төлепберген қайтара алды. Десе де 56-нөмірлі ойыншы допты қайта қақпаға бағыттап, есеп ашты.
Ерлан Шойтымов, «Ертіс» ФК бас бапкері
Бастапқыда допты жас шабуылшы Тимур тебуі керек еді, өйткені біз әрдайым жас ойыншыларды қолдаймыз. Өздеріңіз көргендей, Руслан Юденков допты оған берді. Иә, гол соға алмадық, себебі ол жерде голкипер екі метрдей алға ұмтылып үлгерген. Екінші рет тепкенде де солай болды. Жалпы, қақпашының пенальтиді жақсы қайтаратыны рас.
Ойынның елу алтыншы минутында шымкенттік клуб ойыншысы Тидиан Кейтаға төреші қызыл қағаз көрсетті. Павлодарлықтар үшін есепті еселеуге жақсы мүмкіндік туды.
Сексенінші минутта Сағи Мәлікайдар көмегімен Руслан Юденков дубль жасады. 2:0 есебі ойын соңына дейін өзгерген жоқ.
Ерлан Шойтымов, «Ертіс» ФК бас бапкері
«Ордабасы» командасы мен олардың жанкүйерлеріне чемпиондық атақ құтты болсын дегім келеді. Қазақстан Кубогында сәттілік тілеймін! Біз де міндетімізді орындап, премьер-лигада қалдық. Әрине, егер кей жағдай біздің пайдамызға шешілгенде, одан да жоғары орынға жайғасуымызға болар еді. Бірақ Премьер-лигаға жаңадан оралған команда үшін бұл – жақсы нәтиже деп ойлаймын. Қиын сәтте бізді қолдаған жанкүйерлерімізге алғыс айтамын. Сын айтқандарға да рақмет!».
«Ертіс» биылғы маусымды он екінші орында аяқтады. Павлодарлықтар қоржынында сегіз жеңіс, сегіз тең ойын және он төрт жеңіліс бар. Аяқдопшыларымыз қарсыластардың қақпасына 31 гол салып, өздері 44 доп жіберіп алған.
Ал лига жеңімпаздары – шымкенттік «Ордабасы» осымен екінші мәрте чемпион атанды. «Қайрат» пен «Астана» клубтары екінші және үшінші сатыдан көрінді. «Жетісу» және «Қайсар» командалары премьер-лигамен қош айтысты.
Жұлдыз Қабылденова