Павлодар қаласының 55 жастағы тұрғыны Сергей Яковишиннің өкпесі 76 пайыз қабынған. Ол модульді инфекциялық госпитальдегі жансақтау бөлімінде бір ай ем қабылдады. Міне, беті бері қарап, бөлімшеге ауыстырылыпты.

Сергей Яковишин, ем алушы:

Мен өмірімді аман сақтап қалған мұндағы барлық

дәрігерлерге алғыс айтқым келеді. Қазір денсаулығым жақсарып келеді. Енді өзіңіз ойлап көріңізші, бір ай жансақтау бөлімінде жаттым. Аман қалуым екі талай еді. Қазір тыныс алуым біршама жақсарды. Бас кезінде дем ала алмай қалған едім.

Ауруханаға жүгінген науқастар саны былтырғымен салыстырғанда екі есеге артқан. Бүгінде орта есеппен 20 адам келіп түседі. Дәрігерлердің сөзінше, өткен жылы ауруды жеңіл түрде өткізген науқастарды амбулаторлық емдеуге жіберетін. Қазір барлығын қабылдауға мәжбүр. Себебі ауруын асқындырып келеді дейді.

Айзада Қожахметова, инфекционист-дәрігер:

Егде жастағы науқастар көп түсуде. Әсіресе, 60-тан, 70-80-нен асқан науқастар. Өйткені оларда созылмалы аурулар бар. Коронавирустық инфекциядан бөлек, оларда қант диабеті, артериалды гиппертензия, артық салмағы болуына байланысты инфекцияны өте ауыр өткізеді. Көбінесе ауыр хәлдегі науқастар бұл ұзақ уақыт үйде өздігінен емделетіндер. Парацетамол, су ішіп үйде жата беретіндер.

Аяулым Рахымжанова, тілші:

Жансақтау бөлімінде 20 науқас ем қабылдап жатыр. Дәрігердің сөзінше, олардың барлығының жағдайы ауыр. 94 жастағы науқастың 80 пайыз өкпесі қабынған.

Роллан Исаков, реаниматолог-дәрігер:

Қазір көбінесе егде жастағы науқастар көптеп түсіп жатыр. 70-жастан асқандар да бар. Қазір 94 жастағы қарт адамның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. 40 жастағы адамдардың да жағдайы ауыр. Қазір жансақтау бөлімінде жатқан науқастың барлығы вакцина салдырмаған.

Індетті көбіне ұжымда, көпшілік орындарда жұқтырады. Басты себептердің бірі - бетперде тақпау және қоғамдық көлікте жолаушылардың арақашықтық сақтамауы. Сондай-ақ, жастардың түрлі жиын-той, ойын-сауық кештеріне барып, жанұя мүшелеріне жұқтыру дерегі де көбейген. 

 

Аяулым Рахымжанова