Конференция ұйымдастырылған Торайғыров университетінің іші әсем безендірілген. Кіріп келген жан кезіндегі қазақ халқының тұрмыс тіршілігін бейнелейтін эпизодтарға қанығады. Қыл қобызын ыңылдатқан қобызшы, құрт-майы мен ақ тамағын ұсынған сылқым қыздар. Ұсталық шеберліктің негізгі құралы көрік, шыны ішіндегі құнды жәдіргерлер. Мұның барлығы «Қалмақ қырған» деген сөз ішінде тоғысқандай.

Зұлқарнай Ермұратұлы, тілші:

Қалмақ қырған жері туралы тек тарих пәнінен ғана оқығанымыз бар. Қазіргі таңда жергілікті ғалымдар аталмыш мекенді түбегейлі зерттеу үстінде. Ал, бұл жәдігерлер археологиялық қазба жұмыстары кезінде дәл сол мекеннен табылған. Нақтырақ айтатын болсақ, кезіндегі нәубет жылдардың көрінісі, куәсі болған құнды бұйымдар. Қыш құмыралардың сынығы, ат әбзелдері, кезіндегі тиын-тебен бұның барлығы дәл сол жерде қалмақтардың мекен еткендігін дәлелдейді. Ал, бүгінгі конференцияның негізгі мақсаты ғалымдардың ашқан 4 жаңалығын насихаттау, сонымен қатар, тарихтың тереңінен сыр шерту.

Иә, төрт бірдей жаңалық. Біріншіден ғалымдар киелі жердің атауына тоқталды. Бұл мекеннің атауы «Қалмақ қырылған» емес, «Қалмаққырған». Себебі, халықтың өздігінен қырылып кетуі мүмкін емес, деп түсіндіреді. Біраз уақыттан бері Май ауданындағы Ақшиман ауылы маңында архиологиялық қазба жұмыстары жүргізілген еді. Осы бағытта ашылған жаңалықтардың барлығы «Сергектас» атты монографиялық кітапқа еніп отыр. Бұл кітаптың атауы да бекерден-бекер таңдалып алынбаған.

Амантай Құдабаев, "Философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер" кафедрасының профессоры:

Байқап отырсаңыздар қай жерде соғыс болды, сол жердің атауымен аталады. Сондықтан біз қалмаққырған деген сөзден құтылып, оның орнына сол таудың ішіндегі «сергектас» деп аталатын таудың бір бөктерінің атауын алдық. Оны алған себебіміз, тарихи құжаттардың бәрінде айтылған. Әсіресе мынау Семей, Санкт-Петербург Омбы қалаларында 18 ғасырдың орта кезіндегі әскери экспедициялық карталардың бәрінде осы Қалмаққырған оқиғасы туралы мәліметтер аздап болсада бар.

Екінші жаңалық – оқиғаның 18 ғасырда болғандығы дәлелденді. Үшіншіден қазба жұмыстары барысында табылған заттар арқылы сол жерде шынымен де қалмақтардың болғандығы расталып отыр. Өңір оқымыстылары бұл жаңалықтарды картаға қол жеткізу арқылы ашты. Еліміздің кешегісі мен бүгінгісін байланыстыратын конференцияға облыс әкімі, белгілі тарихшы ғалымдар, студенттер мен ұстаздар қатысты. Бүгінгі бас қосу ала жаздай төгілген маңдай тер мен қажырлы еңбектің жемісі.

Болат Бақауов, Павлодар облысының әкімі:

18 ғасыр қазақ халқы басынан кешірген ауыр кезеңнің бірі. Жоңғарларға қарсы аңырақай-Бұланты шайқастарда ата-бабаларымыз қайсарлық пен батырлықтың үлгісін көрсеткен. М.Жүсіп, академик Ә.Марғұланның деректерінде жазылған ұрыстардың бірі «Қалмақ қырған» шайқасы біздің ертіс өңірінде орын алғаны баршаңызға белгілі. Конференцияға жер-жерден қатысып отырған ғалымдарға, зерттеушілерге алғысымды айтқым келеді.

Өңір тарихшылары осымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта көне орынды қайта зерттеуге рұқсат алмақ ниетте. Себебі, бұл жерде зерделеуге тұрарлық ашылмаған сыр мен айтылмаған құпиялар қаншама.

 

Зұлқарнай ЕРМҰРАТҰЛЫ