Павлодарда Жеңіс күні қарсаңында «Ulkenge kurmet» жобасы аясында Жастар бастамаларын дамыту орталығының еріктілері бірден екі патриоттық акция өткізді. Бірі трамвай жолаушыларына Жеңіс ленталарын таратса, енді бірі ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің үйлеріне барды. Игі шараларға біздің түсірілім тобы да қатысып қайтты.

Бұл күні қаладағы қарапайым трамвайлар уақытша «Жеңіс трамвайларына» айналды. Еріктілер вагондарға кіріп, жолаушыларды алда келе жатқан мерекемен құттықтап, оларға символикалық Жеңіс ленталарын табыстады.

Ақерке Өмірбекова, жастар бастамаларын дамыту орталығының еріктісі

Мен дәл осы акцияға алғаш рет қатысып тұрмын. Қатты толқып тұрмын. Бұл мен үшін өте маңызды оқиға. Себебі аталарымыз біздің Отанымыз үшін соғысты. Сондықтан бұл мереке еліміз бен мәдениетіміз үшін аса маңызды деп есептеймін.

Акцияны кейін еріктілердің тағы бір тобы ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің үйлеріне барды. Жастар азық-түлік себеттерін апарып, қариялармен өмір, отбасы және соғыс туралы әңгімелесті.

Томирис Бесеенова, еріктілердің өңірлік фронт-офисі басшысының міндетін атқарушы

Осы акция аясында біз ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қажетті азық-түлік салынған себеттерді тарту етіп, алғысымызды білдірдік. Оның ішінде макарон, күріш, қарақұмық, алма және басқа да азық-түлік пен жеміс-жидектер бар. Біз әжелерге қажет болатын, оларды қуантатын дүниелердің барлығын қамтуға тырыстық.

Еріктілер барған жандардың бірі — Ұлы Отан соғысының тыл еңбеккері Лидия Волкова. Ол қонақтарды күлімдеп қарсы алып, көзіне жас алып, соғысқа қатысқан әкесі мен атасы туралы айтып берді. Тіпті қазақ даласындағы тың игеру туралы ән де тарту етті.

Еріктілердің айтуынша, мұндай кездесулер тек Ұлы Отан соғысының ардагерлері үшін ғана емес, өздері үшін де өте маңызды. Соғыс пен соғыстан кейінгі қиын кезеңдерді бастан өткерген адамдармен қарапайым әңгімелесу арқылы жастар бейбіт өмірдің қадірін бұрынғыдан да тереңірек түсіне бастайды.

Дильназ Қуанышбекқызы