Жеңіс күні қарсаңында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөлімінде «Сарбазға прокурорлық кеңес» атты мазмұнды шара ұйымдастырылды. Кездесу барысында ішкі істер министрлігінің оқу орындарына түсу талаптары мен мүмкіндіктері туралы кеңінен ақпарат берілді.

Жиын барысында жеке құрамға әскери тәртіпті сақтау, қызметтік міндеттерді адал әрі жауапкершілікпен атқару мәселелері түсіндірілді. Әскери қызметтің маңыздылығы мен ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі кеңінен айтылды.

Сәкен Шырынханов, Павлодар гарнизонының басшысы

Бүгін патрульдік қызметте ерекше көзге түскен сарбаздар марапатталады. Ұлттық ұлан әскери бөлімінің негізгі міндеті – қаладағы қоғамдық тәртіпті сақтау, маңызды нысандарды күзету және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан сарбаздардың қызметіне үлкен жауапкершілік жүктелген. Облыстағы тыныштық пен қауіпсіздік көп жағдайда осы әскери қызметшілердің жұмысына тікелей байланысты.

Шараға прокуратура органдарының ардагерлері де қатысып, әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысты. Олар сарбаздармен кездесіп, өз тәжірибелерімен бөлісіп, қызмет барысында тәртіп пен жауапкершіліктің маңыздылығы жөнінде кеңестерін айтты.

Юрий Фельдман, прокуратура органдарының ардагері

Қазіргі қоғамда әскерге барудың қажеті жоқ деген пікірлер кездеседі. Алайда бұл – уақытты босқа өткізу емес, керісінше үлкен өмірлік қадам. Әскери қызмет барысында жастар тәртіпке үйреніп, нағыз Отан қорғаушы болуды меңгереді. Сонымен қатар, олар жоғары оқу орындарына грант негізінде түсу мүмкіндігіне де ие болады.

Мазмұнды шара соңында әскери қызметшілерге құрмет көрсетіліп, үздік нәтиже көрсеткен сарбаздар марапаттарға ие болды. Осындай кездесулер әскери қызметтің беделін арттырып, жастардың Отан алдындағы жауапкершілігін нығайтуға бағытталған.

Сабина Жолдаспаева