Ертіс ауданы №9 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Иран Сапаров «Ерлігі үшін» медаліне ие болды. Мемлекеттік награда Төтенше жағдайлар министрлігінде Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шарада табысталды.
Марапатты Иран Сапаровқа министр Мемлекет басшысының атынан тапсырды. Азаматтық қорғау саласында қызмет етіп жүрген аға лейтенанттың еңбек өтілі — 8 жыл. Оның айтуынша, құтқарушы болуды бала кезінен армандаған.
Иран Сапаров, Ертіс ауданы №9 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы
Осы салаға 2018 жылы өрт сөндіруші болып келіп. 2021 жылы қарауыл бастығы атағын алдым. Осы күнге дейін қарауыл бастығы болып жұмыс атқарамын. Мен осы жағдаймен мақтан тұтам, біздің жұмыс оңай емес әрине, жұмыста қиындықтар өте көп болады. Осындай қиындықтарға қарамастан өз жұмысымды жақсы көремін. Өз еліме, халөыма қызмет етемін.
Иран Сапаров жоғары мемлекеттік наградаға Ертіс ауылындағы өрт кезінде көрсеткен ерлігі үшін ұсынылды. 25 ақпанда тұрғын үйден шыққан өрт кезінде ол үйдің есігін бұзып кіріп, түтінге толған баспанадан екі кішкентай баланы құтқарып шыққан. Сонымен қатар, көрші пәтер тұрғындарын қауіпсіз жерге эвакуациялап, газ баллонын сыртқа шығару арқылы жарылыстың алдын алған.
Еске сала кетейік, «Ерлігі үшін» медалі төтенше жағдайлар кезінде батылдық пен жанқиярлық танытқан азаматтарға табысталады.
Дильназ Қуанышбекқызы