Бейбітшілік пен ел тыныштығы үшін жан аямай күрескен ардагерлерге тағзым ету – ұрпақ парызы. Жеңістің 81 жылдығы қарсаңында өңірдегі соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Облыс әкімі Асайын Байханов ардагерлерді құттықтап, сый-сыяпаттар табыстап қайтты.

Бүгінде өңірімізде Ұлы Отан соғысының көзі тірі бес ардагері өмір сүреді. Олар Павлодар қаласы, Ертіс және Павлодар аудандарында тұрады. Ғасырға жуық жасаған, тіпті жүз жастан асқан майдангерлер – ел тарихының тірі куәгерлері. Жастық шақтарын сұрапыл соғыс жалмаған сол кезеңде олар Отан үшін аянбай тер төгіп, ерен ерлік пен қажырлы еңбектің үлгісін көрсетті. Ардагерлер құттықтауға арнайы келген өңір басшысына соғыс жылдарындағы ауыр кезеңдер мен бейбіт замандағы өмір жолдары туралы естеліктерімен бөлісті. Көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, ерекше қуанды. Сондай-ақ, ақ баталарын беріп, ел амандығы мен тыныштығын тіледі.

Сергей Выжутович, ҰОС ардагері

«Бәріне көп рақмет! Барлығы құттықтап жатыр. Отан қорғаушылар күні өтті. 9 мамыр – жеңістің 81 жылдығы. Баршаңызды құттықтаймын! Әрқайсыңызға зор денсаулық, табыс тілеймін!»

Облыс әкімі Асайын Байханов майдангерлерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауын жеткізіп, гүл шоқтары мен сый-сияпаттар табыстады. Бұл – ерлікке көрсетілген құрмет пен тағзымның көрінісі. Майдангерлердің жанқияр ерлігі мен ел үшін сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Олардың қайсар рухы мен өнегелі өмір жолы жас ұрпаққа әрдайым патриоттықтың, елге адал қызмет етудің биік үлгісі болып қала береді.

Жұлдыз Қабылденова