Қазақстан чемпионатынан павлодарлық жас гандболшылар жеңіспен оралды. 2013 жылы туған жасөспірімдер арасындағы облыс құрамасы Қостанай қаласында өткен ел біріншілігінде топ жарып, чемпион атанды. Ата-аналардың қуанышы мен спортшылардың алғашқы әсерін біздің түсіріліп топ көріп қайтты.

Теміржол вокзалында жас спортшыларды ата-аналары, туған-туыстары мен жақындары күтіп алды. Он күнге жуық үйден жырақта болған балаларды жақындары құшақ жая қарсы алып, жеңістерімен құттықтады.

Сәния Сағитова, ата-ана

Бұл күнді біз ұзақ күттік. Балаларымыз он күнге жуық уақыт үйде болған жоқ. Барлық ата-ана қатты уайымдап, жанкүйер болып отырдық. Бүгін балаларымыздың аман-есен, жеңіспен оралғанына өте қуаныштымыз.

Чемпионат барысында павлодарлық құрама жеті командамен кездесті. Финалға дейін барлық ойында айқын басымдықпен жеңіске жеткен. Ал шешуші кездесу тартысты өтті.

Данил Абт, жаттықтырушы

Финалдағы бәсеке өте мықты болды. Себебі финалға дейінгі ойындардың барлығында ірі есеппен жеңдік. Ал соңғы матч өте қиын өтті. Екі команда да бір-бірінен қалыспады. Сондықтан жеңіске жеткен сәтте ерекше қуаныш пен үлкен эмоцияны сезіндік.

Бұл жас ерекшелігіндегі спортшылар үшін Қазақстан чемпионаты қатарынан үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Биыл команда чемпиондық атаққа ие болды. Спортшылардың айтуынша, финалдық ойын аяқталған сәттегі қуаныш ерекше болған.

Лев Засько, гандболшы

Жеңіске жеткен кезде ерекше қуаныш болды. Барлығымыз эмоцияға беріліп, киім ауыстыратын бөлмеде қатты қуандық.

Демид Чигодайкин, гандболшы

Шынымды айтсам, чемпион атанғанымызға бірден сене алмадым. Павлодардағы жалғыз ұлдар командасы ретінде бұл біз үшін үлкен жетістік болды. Өте керемет әсер алдық.

Енді команда алдағы жарыстарға қызу дайындалады.

Сабина Жолдаспаева