«Таза Қазақстан» акциясы аясында аудандарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Шарбақты ауданы да бұл акцияны барынша қолдап, өзінің үлесін қосуда.

Туған жерді таза, ұқыпты ұстауды насихаттап, экологиялық мәдениетті арттыруға арналған шара кең көлемде ұйымдастырылды. Шарбақты ауданының орталығы маңында «Таза Қазақстан» акциясы аясында терек, қайың, шырша және өзге ағаштардың көшеттері отырғызылып, аудан көріктендірілді.

Айбота Кабимулова, ерікті

«Іс-шаралар қасиетті орын – Ғабдыл-Уахит хазірет ата кесенесі аумағын тазалаудан басталды. Ауданымыздың волонтерлері аумақты абаттандыру, қоқыстан тазарту және қоршаған ортаны ретке келтіру жұмыстарын жүргізген болатын. Ал бүгін біз 25 сәуірде басталған ағаш отырғызу жұмыстарын жалғастырудамыз. Жасанды су аумағы айдынында 800-ден астам көшет отырғызылған болатын. Бұл бастама аумақты көгалдандыру, экологиялық жағдайды жақсартуға және табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. «Таза Қазақстан» акциясы бей-жай қарамайтын азаматтарды біріктіріп, қоғамда экологиялық мәдениетті дамытуға ықпал етеді деп ойлаймыз»

Бұған қоса, «Ертіс орманы» резерваты аумағында 41 гектар жерге көшеттер отырғызылды. Жалпы көшеттердің саны 198 206-ны құрайды. Бұл бағыттағы игі шаралар әлі де жалғасатын болады.

Жұлдыз Қабылденова