Қазақстан Премьер-лигасының 8-туры аясындағы өз алаңындағы матчты «Ертіс» футбол клубы Астанада өткізді. Павлодарлықтарға ел чемпионы алматылық «Қайрат» қарсы тұрды. Толығырақ келесі бейнематериалда.
Бұл «Ертістің» «Астана Аренада» алаң иесі ретінде өткізетін жоспарланған үш матчтың алғашқысы болды. Алда «Елімай» және «Ұлытау» командаларына қарсы ойындар бар. Есептік кездесудің 8-минутында павлодарлықтардың қақпашысы Виталий Ботнарь командасын голдан аман алып қалды. 24-минутта «Ертіс» қорғаушысы Данила Нечаевтың жорығынан кейін Вячеслав Швырёв керемет мүмкіндікті пайдалана алмады. Ал 19 секундтан соң жауапты шабуылда «Қайрат» ойыншысы Ойва Юккола есеп ашты. 39-минутта Вячеслав Швырёв ақыры гол соқты. Алайда қуаныш ұзаққа созылмады. VAR қаралымынан кейін төреші Мирас Оматай тарапынан ереже бұзушылықты тіркеп, голды есепке алмады. Бес минуттан кейін павлодарлық қорғаушы Бахтияр Төлеуов допқа сәл жетпей қалды. Ал бірінші таймның қосымша уақытында Павел Седьконың соққысы «Қайрат» қақпасының маңдайшасына тиді. Екінші таймда командалар қауіпті сәттермен алмасты. 76-минутта алаң иелерінің капитаны Самат Жарынбетов допты іліп алып соққы жасады, бірақ алматылықтардың қақпашысы Темірлан Анарбеков оны қайтара алды. 85-минутта «Кайрат» ойыншысы Яакко Оксанен орындаған айып добынан кейін павлодарлықтарды бағана құтқарды.
Кирилл Альшевский, «Ертіс» ФК бас бапкері
Павлодардан арнайы келіп, бізді қолдаған жанкүйерлерімізге алғыс айтқым келеді. Олардың қолдауы сезілді, бұл футболшылар үшін өте маңызды. Сол үшін оларға ерекше рақмет. Ойынға келсек, бізге қарапайым тілмен айтқанда сергектік жетіспеді. Сегіз күн ішінде үш матч өткіздік, үш күн жолда болдық. Қалғанының бәріне дайындалуға небәрі екі күндей ғана уақыт қалды. Бұл ешқандай ақталу емес, бұл – факт. Біз чемпион команда сияқты Кубок ойындарына қосалқы құрамды жібере алмаймыз, сондықтан құрамды алмастырып отыруға тура келеді. Оның үстіне, біз үшін жол – ең алыс бағыттардың бірі. Әрине, бұл оңай емес. Соған қарамастан, ойынымыз сапалы болды деп есептеймін. Бірінші тайм жақсы өтті. Ал екінші таймның ортасынан бастап қарсы шабуылдарға құрылған ойын бізге аса қажет емес еді. Негізі, біз сол арқылы қарсыласқа ойынды жеңілдетіп жібердік. Әрине, гол жіберіп алуымыз да, өзіміздің гол соғуымыз да мүмкін еді – сәл ғана салқынқанды болу жетіспеді. Жалпы алғанда, жігіттер жақсы ойнады. Жақсы алаңда мазмұнды әрі сапалы ойын көрсеттік.
«Ертіс» «Қайрат» командасына 0:1 есебімен жол берді. Бұл – команда үшін қатарынан төртінші жеңіліс. 8 турдан кейін павлодарлық клубтың еншісінде 6 ұпай бар, турнирлік кестеде 12-орында тұр. 9-турда, 9 мамыр күні «Ертіс» Қостанайда жергілікті «Тобылға» қарсы ойнайды.
Дильназ Қуанышбекқызы