Мүбәрак Жаманбалинов атындағы кітапханада Аналар күні қарсаңында тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Жүрек қалауымен аналық жолды таңдаған қамқоршы аналар осы басқосуға жиналды. Олар үшін бала тәрбиесі – тек міндет емес, мейірім мен сабырға негізделген өмірлік жол. Кездесу барысында аналар өз тәжірибелерімен бөлісіп, ой-пікір алмасты.
Бұл клуб – тағдырлас жандардың табысар тұғыры. Мұнда ата-аналар бір-біріне тірек болып, тәжірибе алмасып, жетімдер үйінен келген балаларды тәрбиелеудегі қиындықтар мен қуаныштарды бүкпесіз бөліседі. Осындай кездесулер әр жүрекке «сен жалғыз емессің» деген сенім ұялатады. Шараға онға жуық бала асырап алған аналар қатысып, арнайы шақырылған қонақтар да өз ойларын ортаға салды.
Салтанат Сипатилова, «Ана үйі» қоғамдық қорының өңірлік өкілі
Бұл жерде сахнаға ерекше аналар шығады. Біз оларды «жүректен туған балалардың аналары» деп атаймыз. Бұл – бәлкім, метафора ғана, бірақ бізге өте жақын ұғым. Бүгінгі шарамызды дәл осындай аналарға арнадық. Мақсатымыз – бала асырап алу мәдениетін көтеру, қоғамға оның жарқын үлгілерін көрсету. Өкінішке қарай, жағымсыз жаңалықтар да кездеседі. Алайда осындай кездесулер арқылы біз қарапайым ауылда тұратын, мұғалім, жүргізуші болып еңбек ететін отбасылардың да әр балаға жылулық сыйлай алатынын дәлелдегіміз келеді. Әр балаға отбасы қажет.
Қамқоршы отбасылар күнделікті еңбегі мен төзімі арқылы жаңа құндылықтарды қалыптастырып келеді. Оларда балаларымен бірге ата-ана болуға үйренеді.
Раушан Даумова, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты
Отбасы күні қарсаңында біз осындай маңызды кездесуді ұйымдастырып отырмыз. Қамқоршы отбасылар – біздің ерекше назарымызда. Олардың балалары – біздің де балаларымыз. Осындай мейірімді жандарға алғысымды білдіремін.
Қазақ халқы «жетімін жылатпаған» халық. Бүгінгі басқосуға келген ата-аналар да осы асыл қағиданы берік ұстанып, қоғамды мейірімділікке үндейді.
Эльмира Ботабаева, қамқоршы ата-аналар клубының мүшесі
Мен өзім ауылда тұрып жатырмын . 1,5 жыл болды бала алғанымызға, үлкен қызым бар 27 жаста. Екеуміз жалғыз қалдық сосын екеуміз ақылдасып. Бір қыз аламызба дегенміз оған ол қыз жалғыз емес екен. Сосын бірден 4 баланы алдық. Басында адаптация болды. Жұмыстан да шықтам сол үшін. Балалар жақсы балалар.
Форумға жиналған аналар қауымы мейірімнің шекарасы жоқ екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Олар тек өз перзентіне ғана емес, тағдыр тәлкегіне түскен өзге балаларға да ана жүрегінің жылуын сыйлап, шынайы махаббаттың өлшемі шексіз екенін көрсетті.
Дильназ Қуанышбекқызы