Павлодар медициналық жоғары колледжінің стадионында «Жас Батыр» атты көңілді спорттық шара өтті. 7-мамыр Отан қорғаушылар күніне орай өткен шарада колледждерден жиналған командалар бас қосып күштерін сынады, қаншалықты төзімді екендіктерін көрсетті. Командалық рухтарын да сынға салды.

Ептілік пен жылдамдық, күш пен жігер. Жедел әрі дұрыс шешім қабылдау. Бәсекеде осынау мінездер сынға түсті. Қатысушының жеке дара жігерінен бөлек, бұнда командалық рухтың да бәсі жоғары еді. Әрбір тапсырма барынша жинақылықты және бүкіл команданың үйлесімді жұмысын талап етті.

Николай Сидоров, дене шынықтыру нұсқаушысы

«Бұл - Отан қорғаушылар күніне арналған спорттық шара. Отызға жуық қатысушы келді. Олар Отанымыз — Қазақстанды, оның тәуелсіздігін, жер бетіндегі бейбітшілікті қалай қорғай алатынын көрсетеді деп ойлаймын. Сондықтан спорттық жарыстың бағдарламасын мейлінше әскери дайындыққа жақындаттық.

Спорттық турнир түрлі мамандықтағы студенттердің басын бір алаңда қосып, салауатты бәсекелестік пен командалық бірлік атмосферасын қалыптастырды. Қатысушылар үшін бұл тек өздерін көрсету ғана емес, сонымен қатар спорттық дайындықтарын нығайтып, команданың нәтижесіне деген жауапкершілікті арттыру мүмкіндігі.

Қатысушылар жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Жүлделі орындар үшін тартыс қызу болды. Капитандар сайысы тіптен тартысты болды. Көшбасшылар сайысы жарыс нәтижесін де шешті деуге болады.