Қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуде қызметтік иттердің рөлі ерекше. Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөлімінде олар тек көмекші ғана емес, маңызды тапсырмаларды орындауда сенімді серікке айналған. Төрт аяқты жауынгерлердің дайындығы әр жұмыстың нәтижесіне тікелей әсер етеді.
Бөлімшеде жаттығулар нақты кесте бойынша өтеді. Дайындық бірнеше бағытты қамтиды. Қарапайым командаларды орындаудан бастап, күрделі із кесу жұмыстарына дейін. Әсіресе кинолог пен ит арасындағы байланысқа ерекше мән беріледі. Мұнда өзара түсіністік басты рөл атқарады.
Данила Юдин, Павлодар қаласы №5512 әскери бөлімінің нұсқаушысы
Иттерді үйрету бірнеше кезеңнен тұрады. Таңертең, түсте, кешке және түнгі жаттығулар жүргізіледі. Көбіне кинологиялық алаңда өтеді. Кейде ашық далаға шығып, сол жерде жаттығамыз. Із кесу, күзет, ұстау, алып жүру секілді тапсырмалар пысықталады. Әр итке жеке тәсіл қажет. Ит адамның көңіл-күйін тез сезеді. Сіз оған қалай қарасаңыз, ол да соны қайталайды.
Бөлімшедегі әрбір иттің өз аты, өз тарихы және бекітілген нұсқаушысы бар. Қызмет барысында олардың арасында сенімге негізделген берік байланыс қалыптасады.
Данила Юдин, Павлодар қаласы №5512 әскери бөлімінің нұсқаушысы
Менің итімнің аты — Ватсон. Екеуміз 2023 жылдан бері бірге қызмет етіп келеміз. Өзі өте зерек, тез үйренеді. Итті сөзбен емес, көңіл-күй арқылы да тәрбиелеуге болады. Ватсон орыс, қазақ және неміс тілдеріндегі командаларды түсінеді.
Кинологтар мен қызметтік иттердің жұмысы сенім мен үйлесімділікті талап ететін қызмет. Күнделікті жаттығу мен өзара сенімнің арқасында олар кез келген тапсырманы мүлтіксіз орындауға дайын.
Сабина Жолдаспаева