Отан қорғаушылар күніне орай «Ата-аналар лигасы» аясында волейболдан турнир өтті. Мектеп оқушыларының ата-аналары жарысқа белсене қатысып, ұйымшылдық пен спортқа деген қызығушылықтарын көрсетті.

Дәстүрлі түрде өтетін «Ата-аналар лигасы» маусымының аяқталуына орай волейбол турнирі ұйымдастырылды. Аталған жарыс 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орайластырылды.

Алма Айтуарова, облыстық білім беру басқармасы басшысынң орынбасары

«Бұл – білім беру ұйымдары аумағында өткізіліп келе жатқан «Ата-аналар лигасы» аясындағы алғашқы кездесу емес. Бүгінде бұл жоба мектеп пен ата-ананы, баршамызды біріктіретін үлкен дәстүрге айналды. Бүгінгі шара Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай ұйымдастырылып отыр. Әлеуметтік серіктесіміз «Сенімен Болашақ» ұйымы бұл мерекені сіздермен бірге атап өтуді жөн көрді. Спорттық сайыс баршаңызға көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйлап, күш-қуат пен сергектік әкелсін. Ең мықты команда жеңіске жетсін! Баршаңызға мереке құтты болсын!»

Волейбол алаңында кәсіби спортшылар емес, облыс мектептері оқушыларының ата-аналары бақ сынады. Бұл жарыс салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар ата-аналар арасындағы бірлік пен ынтымақты нығайтуға бағытталды.

Перизат Құрманәлі, «Сенімен болашақ» РҚБ ПОФ басшысы

 «Бұл ойынның басты мақсаты – тек қана ойын ойнау емес, осы жерде барша ата-аналардың басын қосып, азаматтық қоғам қалыптастырудағы ата-аналар мен бүкіл жастар болсын, бұкіл қоғамның санасының өсуіне ықпал ету, азаматтық жауапкершіліктерінен артуына ықпал ету. Осы мақсатта ұйымдастырып жатқан жайымыз бар. Қоғамдағы жай қарапайым ата-аналарды осы ортаға тарту, ол кісілердің пікірлерін есту, қарым-қатынас құру, достық құру ата-аналар арасында – осы басты мақсат болды. Қараапйым ата-аналар бүгін ойнайтын болады»

Турнирге қала және аудан мектептерінің ата-аналары қатысып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Барлығы 16 команда өзара мықтыны анықтады. Жарыс ережесі бойынша, әр команда құрамында кем дегенде бір ана болуы қажет. Қатысушылар бұл жарысқа жақсы дайындықпен келіп, тартысты ойын өрнегін көрсетті.

Нұртілек Бектеміров, турнир қатысушысы

«39 мектептің ата-аналары болып келеміз біздің команда. Осындай турнирлер болашақта көбірек бола бергенін қалаймыз. Спорт, денсаулық, өсіп келе жатқан ұрпаққа, балаларымызға беретін өзіміздің тәрбиеміз, осы волейбол спорты өсе берсін. Осы ойында, бүгінгі ойында, тек мықтылар жеңіске жетсін деймін.»

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталып, ауыспалы кубокқа ие болды. Барлық қатысушы белсенділік танытып, өзара сыйластық пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті.

Жұлдыз Қабылденова