Естай мәдениет сарайында Отан қорғаушылар күніне арналған «Отан-қымбат» атты салтанатты шара өтті. Ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай қызмет етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді. Толығырақ салтанатты жиынға қатысып қайтқан тілшіміз Сабина Жолдаспаева тарқатады.
Алдымен мемлекеттік ту төрге шығарылды. Артынша жұртшылық тік тұрып әнұранға құлақ қойды. Естай мәдениет сарайында осылайша елдік рух салтанат құрды. Мерекелік шараға өңір басшысы арнайы қатысып, барша азаматтарды атаулы мерекемен құттықтады.
Айбынды мерекеде қызметтік борышын адал атқарып жүрген әскери қызметкерлер алғыс хаттармен және облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Салтанатты шарада марапат иелерінің қатарында шекара қызметінің өкілдері де болды. Олар тәулік бойы ел шебін күзетіп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Құрлықта да, суда да, таулы аймақтарда да қызмет атқаратын мамандардың еңбегі – аса жауапты. Бұл салада ерлермен қатар нәзік жандылар да абыроймен еңбек етіп жүр. Мереке қарсаңында әскери қызметкерлер ел тыныштығын күзетіп жүрген барша әріптестеріне ізгі тілектерін жеткізді.
Гүлзада Садықова, Павлодар облысы бойынша шекара қызметі департаментінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі бөлімінің аға офицері
Нәзік жандылар үшін бұл қызметтің әрине өз қиыншылықтары бар. Бірақ, біз қиыншылықтың бәрін еңсеруге тырысамыз. Қызмет пен үй шаруасын қатар алып жүруге тырысамыз. Барлық өзім сияқты Отан қорғаушыларды мерекесімен құттықтаймыз. Денсаулық тілейміз. Қызметке табыс, отбасыларына амандық тілейміз. Шекарамыз берік, заманымыз тыныш, аспанымыз ашық болсын.
Қуаныш Жакипбеков, Павлодар облысы бойынша шекара қызметі департаментінің жауынгерлік дайындық қызметінің аға офицері
Қызметке өз еркімізбен келдік. Отанды қорғаудамыз. Осы келіп жеткен 7 мамыр Отан қорғаушылар күнімен барлық әскери қызметтегі ер жүрек ерлеріміздің мерекесі құтты болсын.
Шара рухты көтеріп, елдік пен ерлікті ұлықтаған тағылымды кешке ұласты. Салтанатты жиын өңір өнерпаздарының қатысуымен өткен әсерлі концерттік бағдарламаға жалғасып, патриоттық әндер шырқалды. Көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлаған бұл кеш Отан қорғаушыларға деген құрмет пен алғыстың жарқын көрінісіне айналды.
Сабина Жолдаспаева