Көрмедегі мына сурет 10 жастағы Аружан Қайырболаттың туындысы. Ол анасын суретке жиі салады екен. Қылқаламға қолы үйренген ол мына суретті аз уақыттын ішінде салыпты. Көркемсурет мектебіне барып жүргеніне де көп болмаған.
Аружан Қайырболат, балалар көркемсурет мектебінің тәрбиеленушісі:
Көркемсурет мектебінде оқып жүргеніме 1 айдай болып қалды. Бүгінгі көрмеге өзімнің анамның суретін салдым. Сурет салуға 2-3 сабақ кетті. Қолымдағы барлық бояуларымды қолдандым. Жалпы анамның суретін жиі саламын.
«Менің анам ең жақсы» көрмесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылды. Оған көркем-сурет мектебінде оқитын жас суретшілердің 40-тан астам туындысы қойылды. Оқушылар өз жұмыстарында түрлі түсті бояу мен қағаз қолданған. Олар аналарына деген шексіз махаббаттарын осылай бейнелеген.
Гүлнәр Мұхаметқалина, балалар көркемсурет мектебі директорының орынбасары:
Бұл шараға біздің мектептің 40-тан астам балалары қатысты. Өздерінің суреттерін аналарына дайындады. Әр суретте өздерінің бәрінен жақсы, ең мейірімді, өздерінің жақсы көретін аналарын салған.
4 және 10 жас аралығындағы жас суретшілердің жұмыстары көпшілікке ұсынылды. Кәсіби мамандардың айтынша, осы жас кезеңінде балаларды үйрету оңай емес дейді. Әр оқушы өз еркімен жұмыс жасауы керек екен.
Ерсін Тақырбасов, ҚР көркем-өнер академиясының корреспондент-мүшесі:
Әр бала өзінің бояуын, өзінің сызығын өз қалауымен таңдап алады. өзі жұмыс жасайды. Оған көмектесуге, айтуға қиын жағдай. Сондықтан бала мүмкіндігінше өз еркімен жұмыс істеуі керек.
Көрменің ашылу салтанатында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, жас қылқалам шеберлері дипломдармен марапатталды. Айта кетерлігі, «Менің анам ең жақсы» көрмесі наурыздың 20-на дейін жалғасалы. Оған қала қонақтарымен тұрғындары бара алады.
Самал ҚАЛИҚЫЗЫ