Өңірімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қарқынды жалғасуда. Бұл жолы мемлекеттік «Ертіс орманы» табиғи орман резерваты аумағында ағаш отырғызылды. Акцияға еріктілер, орманшылар, экологтар, сондай-ақ белсенді азаматтар қатысты. Шара мақсаты – орман экожүйесін қалпына келтіру ғана емес, сонымен қатар қоғамда экологиялық мәдениетті арттыру.

Акция қатысушылары таң сәріден Павлодар қаласынан жолға шықты. Бірнеше сағатқа созылған сапар көңілді өтті. Алғашқы аялдама – танымал діни қайраткер Ғабдұл Уахит Хазіретке арналған кесене болды. Қатысушылар оның рухына тағзым етіп, одан кейін Садыкашы ауылына жол тартты. Мұнда экологиялық акцияның ресми ашылуы өтті.

Манарбек Сәдуов, «Ботабас» орманшылығының маманы

Осындай міне ақ қайындарды салып,егіп ағаштарды бір кіріс болып жатыр біздің орманда. 3-4 жылдар салып жатырмыз.Бізде жұмыста Гентра парк деген бар. Соның алдында ағаштар бар.Келген қонақтарға көзге көрініс әдемі болсын деп.Енді болашақта біздің балаларымызға қалатын нәрсе.Таза табиғат керемет болғаны жақсы деп ойлаймын.

Акция барысында шамамен 2000 ақ қайың көшеті отырғызылды. Бұл бастаманы «Қарағаш» қоғамдық қоры ұйымдастырып, Шарбақты ауданы әкімдігі мен табиғи резерват әкімшілігі қолдау көрсетті. Мұндай шаралар табиғатқа тигізетін нақты пайдасымен қатар, адамдардың табиғатқа деген қамқор қатынасын қалыптастыруға ықпал етеді. Қайың мен қарағай – Қазақстанның әртүрлі климаттық жағдайына бейімделген ағаштар. Тасты, құмды және сазды топырақтарда жақсы өседі.

Елена Горохова, «Эко» қозғалысының директоры

«Орта есеппен, бір гектар жерде 600-ге жуық ересек ағаш өседі. Қазір біз бір гектарға 2 000 ағаш отырғызып жатырмыз. Бұл олардың бір бөлігі табиғи жолмен жойылады дегенді білдіреді»

Жастар, еріктілер ұйымдары мен «Birgemiz» қозғалысының өкілдері бұл экологиялық шараның белсенді қатысушылары болды. Көпшілігі бұл аймаққа алғаш рет келгенімен, міндетті түрде қайта келуге ниетті екендерін жеткізді.

Мадияр Әлімханов, «Birgemiz» еріктісі

Біз осы жерге келген себебіміз «Таза Қазақстан» ағаш отырғызуға табиғатымызды ұлғайтуға тазартуға дегендей. Біздің мақсатымыз мында келіп ағашты отырғызып кетуге.

«Таза Қазақстан» – жай ағаш отырғызу акциясы емес. Бұл – болашақ ұрпаққа табиғатпен үйлесімді өмір сүру мәдениетін дарыту жолындағы нақты қадам. Садыкашы ауылы – еліміздің экологиялық картасында «жасыл бастамалар» алға басқан маңызды нүктелердің бірі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жиі өткізілген сайын, Қазақстан әлдеқайда таза әрі жасыл бола түспек.

Дильназ Куанышбекова