Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күні қарсаңында облыстық «Сап және саптық ән» байқауы өтті. Мұнда қала-аудандардан келген 14 команда бақ сынады. Әскери-патриоттық тәрбиені негіздейтін байқауға түсірілім тобы да куә боп қайтты.
Өскелең ұрпақтың патриоттық рухын арттыру, әскери тәртіп пен ұйымшылдықты қалыптастыру мақсатында өтетін бұл байқау дәстүрге айналған. Бұл білім беру ұйымдарында әскери-патриоттық тәрбиенің маңызды бөлігіне айналып отыр.Биыл байқауға 14 команда қатысты, онда 25 қатысушыдан болды.
Самал Айтқазина, Павлодар облысы білім беру басқармасының басшысы
Бүгінгі сайыстың негізгі мақсаты Отансүю деп атап өттім. Отанды сүю отбасынан басталады, мектеп қабырғасынан басталады, үлкен өмірге аяқ басқан кезеңнен басталады. Осындай сап түзеу тек бейбіт заманда болсын деп ғана тілеймін. Ертеңгі күні Отан қорғауға барғанда сіздердің әскери борыштарыңызды өтеуде үлкен септігін тигізері анық.
Байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жас сарбаздардың жігерін жанитын, рухын көтеретін тағылымды іс-шараға айналды. Әділқазылар алқасы қатысушылардың саптық дайындық деңгейін, әннің мазмұны мен орындалуын, сахна мәдениеті мен сырт келбетін жан-жақты бағалады.
Дәрмен Есмағамбетов, аймақтық оқу-тәжірбие дене тәрбиесі және алғашқы әскери дайындық орталығының әдіскері
Байқаудың ережесіне сай бірінші, киім үлгілерін қарап шығады, екінші теориялық білімін тексереміз балалардың саптық жарғы бойынша, үшінші ол салтанатты шерумен жүріп өту, төртінші саптық әнмен өту. Байқаудың басты мақсаты әрине, ең бірінші бұл әскери-патриоттық тәрбие балаларға, ата-бабаларымыз туралы мағлұмат алсын деген мақсатпен өткізіп жатқан іс-шара.
Мұндай байқаулар жастардың бойында жауапкершілік пен тәртіпке бағыну қасиеттерін қалыптастырып, әскери қызметке деген қызығушылығын арттырады. Өз кезегінде, қатысушылар бар күш-жігерін салуда аянып қалмады.
Әли Айтимов, байқауға қатысушы
Мен Аққулы ауданынан келдім, 10 сынып оқушысымын. Бұл сайысқа екі күн дайындалдық , «Атамекен» әнін айтамыз. Біздің топта 25 бала, бүгін жеңіске жетеміз деп ойлаймын.
Ақерке Ілияс, байқауға қатысушы
Алдыңғы кезеңде ән айтып, шагайттаймыз. Бағанағы кезеңнен жақсы өттік деп ойлаймыз. Себебі, біздің формамызда әдемі, ұлдарымыз-қыздарымыз да өте қабілетті.
Айта кетейік, былтыр жеңімпаз ретінде Екібастұз және Ертіс ауданының құрамалары танылған еді. Бұл жолы, 1-ші және 2-ші орынды Павлодар қаласының жасөспірімдері иеленсе, 3-орын Ақсу қаласынан келген қатысушыларға бұйырды. Өз кезегінде Ертіс ауданы өзінің көшбасшылығын сақтап қалды, ал оның артынан Успен және Тереңкөл аудандары жайғасты. Қатысушылар кубоктармен және дипломдармен марапатталды.
Қымбат Садық