Сәуірдің 15-сі мен 19-ы күндері аралығында АҚШ-тың Хьюстон қаласында әлемнің ең үлкен робототехникадан FIRST чемпионаты өтті. Байқауға 110 елден 1100-ден астам команда қатысты. 50 мыңнан астам оқушы мен жаттықтырушы төрт күн бойы өз жобаларын қорғады. Қазақстан бұл додада үлкен жетістікке жетті.
«Atlantis» командасы әлем чемпионатына қатысу үшін ұзақ дайындалды. Жарыс балалардың ғылыми-техникалық қабілетін дамытып, шығармашылық әлеуетін арттырады. Креативтілік пен инженерлік дағдыларын шыңдап, ой-өрісін кеңейтеді.
Чемпионаттың тақырыбы - су асты әлемін зерттеу және қорғау. Айта кетейік, команда Алматы қаласында 21-23 ақпанда өткен халықаралық Central Asia FIRST Championship байқауында жеңіп, АҚШ-қа жолдама алған еді.
Анар Жанбол, Павлодар қаласы робототехника мектебінің қызметкері
Үлкен бір Республика атынан қатысатын команда болғандықтан, біз үлкен жауапкершілікпен қызу жұмыс жасаған болатынбыз. Міне, осы қазақстанның туын желбіретіп, Америкада Қазақстанның атын қорғап жүлделі кубокпен оралдық.Біздің балаларымызды жан-жақтан келген командалар, ұйымдастырушалар ұнатып,жобалар туралы сұрап, еліміз туралы сұхбат алды. Өзімізге де балаларға да қатты ұнады. Себебі біз алғаш рет осы әлем чемпионатына қатыстық. Біз үлкен тәжірибе алдық.
Команда құрамын жинағанда мұғалімдер дарынды, жан-жақты, ізденімпаз оқушыларды іріктеді. Олар жобаларын қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде таныстыра алды. Команда әртүрлі жастағы оқушыларды қамтиды. Олардың қатарында 8 жастағы Дария Жанаспаева да бар.
Дария Жанаспаева, қатысушы
Маған Америкада өте ұнады. Өйткені адамдары анда өте көңілді. Командалар көп болды. Біздің жобада пасидон бар. бірақ оны сіз көре алмайсыз. Өйткені ол су астында орналасқан.
Робототехника мектебінің «Atlantis» командасы «Team Model Award» жүлдесін жеңіп алды. Әлем чемпионаты Кубогын қанжығаға байлады. Сонымен қатар, «Ең инновациялық жоба» номинациясында марапатталды.
Сабина Жолдаспаева