Қарағандының Орталық стадионында Қазақстан чемпионатының Бірінші лига командалары арасындағы төртінші тур ойыны өтті. Алаң иелері – «Шахтер» мен– Павлодарлық «Ертіс» футбол командалары жасыл алаңда өзара бақ сынасты.

Екі команда турнирлік кестеде әлі ұпай жоғалтпаған еді. Бірінші таймда Қарағандылықтар бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырса да, «Ертістің» қақпашысы Никита Калмыков шеберлік танытып, голдан аман қалдырды. Ойынның 39-минутында оқыс оқиға орын алып, «Ертіс» қорғаушысы Владимир Воменко ауыр жарақат алып, ойынды жалғастыра алмады. Бұл Павлодарлықтар үшін қиын жағдай болғанымен, олар ойын тәртібін бұзбай, қарқынды сақтап қалды. Екінші таймда ойын қыза түсті. «Ертіс» шабуылшысы Арман Смаилов тамаша мүмкіндікке ие болғанымен, Қарағанды қақпашысы Игорь Шацкий керемет реакция танытып, есепті аштырмады. Ойын соңында екі команданың қақпашылары да шеберлік танытып, матч 0:0 есебімен тең аяқталды. Айта кетейік, 8 мамыр күні Павлодарлық «Ертіс» өз алаңында Алматылық AKAS клубын қабылдайды.

Дильназ Куанышбекова