Екібастұзда теміржол саласына қажетті бөлшектерді өндіретін бірегей кешен — еліміздегі ең ірі ұста-бандаж өндірісі іске қосылды. Сонымен қатар, индустриалды аймақта екі жаңа зауыттың құрылысы басталды. Бұл қадамдар өңірдің өндірістік қуатын еселеп, Екібастұзды нағыз индустриялық орталыққа айналдыруға жол ашпақ.
Екібастұз өндірісінде тың серпін. Бұнда жаңа электрометаллургия зауытының құрылысы басталды. Заманауи технологиялармен жабдықталатын кәсіпорын – отандық өндірістің әлеуетін арттырып, аймақтың экономикалық дамуына сеп болмақ. Зауыттың қазығын қағу салтанатына өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев және Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қатысты.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Жаңа өндіріс орындарын ашу ел Президенті Қ.Қ.Тоқаевтың өткен жолдауда қойған басты міндеттердің бірі. Биыл өңірімізге 1,2 трлд инвестиция тартуы көзделген. Өңдеу секторы мен машина жасау секторы саласын дамыту өңіріміздің экономикалық әлеуетті арттыру негізгі тірегі.
Жоба іске қосылған соң жүздеген адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Зауыттың өндірісі 2028 жылы басталады.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі
Сіздерді жаңа металлургиялық зауыт құрылысының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл еліміздің өнеркәсіп саласындағы маңызды белестердің бірі. Бұл зауыт темір жол кешенін сапалы болатпен қамтитын болады.
Сол күні Екібастұз шаһарында тағы бір алпауыт кәсіпорын қосылды. RailCastSystems компаниясы қолға алған ұста-бандаж кешені теміржол саласы үшін аса қажетті. Кешен доңғалақ жұптарын құрау мен жөндеуде жоғары технологияны қолданады. Мұндағы қызметкерлердің орташа жалақысы 450 мың теңге болмақ. Жоба тек өндірістік мақсатты ғана емес, экспорттық әлеуетті де көздейді.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Бұл өндіріс жалпы 125 млрд теңге инвестиция құйылды. 600 жаңа жұмыс орны құрылып, ең бастысы бұл жұмыс орындар жоғары жалақымен қамтылған. ... зауыт өнімі экспорт кететін заттар болып шығады. Бұл өндіріс тек қана бандаждық кешенмен тоқталмайды. Қосымша әлі екі өндірісі қосылып, болашақта үлкен бір кешенге айналады.
Кешен жылына локомотивке арналған 88 мың өңделмеген бандаж, локомотив және вагон білігінің 36 мың данасы, сондай-ақ ірі тісті доңғалақтың 25 мың дайындамасын шығарады. Жаңа өндіріс орындарының құрылуы – Екібастұз шаһарын индустриялық жаңғырудың жаңа кезеңіне бастайтын айқын қадам болмақ.
Әйгерім Тоқпанқызы