Мичурин ауылы мектебінде 1-сынып оқушылары дәстүрлі түрде ағаш отырғызды. 25 түп алма ағашы егілді. Сондай-ақ, жергілікті кәсіпкер балаларға жылыжай сыйға тартты. Толығырақ тілшіміз айтсын.

Мичурин мектебінің оқушылары үшін бүгін ерекше күн. Білім ордасының аумағы жылдан жылға жасыл желекке көмкеріліп, жеміс-жидек бағына айналып келеді. Дәстүрге айналған экологиялық шара биыл да жалғасын тапты.

Жанат Шұғаев, Павлодар аудандық мәслихатының төрағасы

Бүгін үлкен маңызды шараға қатысып отырмыз. Себебі қазір 1 сынып оқушылары ағаш отырғызуға кіріседі. Мен шын жүректен құттықтаймын. Бұл ісі шара өте маңызды.

Қоршаған ортаны аялап, бағуды балаға ерте жастан үйретіп, түсіндірген жөн. 1-сыныпта отырғызған ағаштарын оқушылар 11 жыл бойы күтеді. Балаларымен ата аналар да экологиялық акцияға атсалысуда.

Әбдінұр Қайрат, Мичурин ЖОББМ 1-сынып оқушысы

Ағаш емес біліңдер, асыл ана бұл тұрған. Толған сайын түйіндер, алма ағашы құлпырған.

Мичурин мектебінде аумақты көгалдандыруға бағытталған арнайы «Жасыл мектеп» жобасы жүзеге асып келеді. Асханада қолданылатын аскөк, ақжелкен, пиязды оқушылар мектепте терезе алдында өздері өсіреді. Екі жыл қатарынан жылыжай жұмыс жасап тұр. Міне бүгін жергілікті кәсіпкер Анна Солдатова екінші жылыжайды сыйға тартты. Онда қызанақ өсіріледі.

Айнаш Абдыманова, Мичурин ЖОББМ директоры

Бес жыл бұрын мектептің 40 жылдығына орай, 1-сынып оқушылары 40 алма ағашын отырғызды. Биыл біз бұл шараны жалғастырдық. Негізі жеміс бағын ашу идеясы бұрыннан ойымызда болды, соны жүзеге асырдық. Алғашқы жылы мектеп ауласына қарақат, құлпынай, таңқурай, алма, өрік, шие, алмұрт көшеттері отырғызылды. Биыл 1-сыныптың 25 оқушысы ата-аналарымен алма ағашын отырғызды.

Айта кетейік, Мичурин мектебі бірнеше жыл қатарынан «Жасыл желек» облыстық байқауының жеңімпазы атанып келеді. Мектепте жүргізіліп жатқан экологиялық шаралар басқа білім ошақтарына үлгі.

Самал Қалиқызы