Мұражай - бұл туған өлкенің тарихи мұралары мұқият сақталатын, талай жылды арқалаған экспонаттар қоры. Ақтоғай ауданындағы музей  елді-мекеннің тыныс-тіршілігін, аса маңызды құжаттар тізбектерін жинақтаған. Мәдени нысан қайта реставрациядан өтіп,  халық игілігіне ұсынылып отыр. 
Бибігүл Оспанова, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары:
Бұл шешім ардагерлеріміздің, ақсақалдардың өтініші бойынша қабылданды. Айта кету керек, мұражай алғаш рет 80-жылдардың басында ұйымдастырылды. 
2011 жылы мұражай осы ғимаратқа көшті. Нысанға 10 жыл бойы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Биылғы жылы аудандық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен экспонаттар мен үй-жайдың өзі қалпына келтірілді. Мұражай 500-ден астам құнды тарихи жәдігерді, фотомәліметтер, тұрмыстық заттарды сақтайтын екі залдан тұрады. Айта кету керек,  жеке зал ауданның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне арналған екен. Салтанатты ашылу рәсімінен кейін шақырылған қонақтар мен ауыл тұрғындары үшін экскурсия өткізілді. Алда әлі атқарар жұмыс көп. Өйткені тарихты жинап, сақтап қана қоймай, оны ұрпақтарға сапалы түрде жеткізу маңызды.
Саяуыш Сәдуақас, Ақтоғай ауданы мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
Биылғы жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, қайтадан жаңарта түрлендіріп, халық игілігіне ұсынсақ деген ой болып, сол ойды бір топ ағаларымыздың арқасында жүзеге асырдық. Өздеріңіз аралап көрген шығарсыздар шанадан бастап қазақи киіз үй, қазақ тұтынған заттар. 
Мәдени ошақта аудан тұрғындары әр кезеңде тұтынған дүниелері жинақталған. Мұдағы құнды заттар мақтаныш пен ыстық сезімді оятады.

Мөлдір Сағидолла, Евгения Мягченко