«Баянтау» спорт сарайында Ұлы Отан соғысы ардагері, Баянауыл ауданының құрметті азаматы Рымтай Ізбастинді еске алуға арналған қазақ күресінен турнир өтті. Тартысты бәсекеде 2009–2010 жылдары туған жас өрендер бақ сынасты.

Жұлдыз Қабылденова, тілші

«Павлодар қаласында қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы қазақ күресінен республикалық дода басталды. Рымтай Ізбастинді еске алуға арналған бұл турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ден аса қатысушы жиналды. Бірнеше күнге созылатын жарыс барысында жас балуандар түрлі салмақ дәрежелерінде өзара мықтыны анықтайды.»

Осыдан 10 жыл бұрын ауылдық бәсеке ретінде бастау алған бұл жарыстың бүгінде қанаты кеңге жайылды. Ауқымы ұлғайған дода қазіргі таңда республикалық деңгейде ұйымдастырылуда.

Әбдіхамит Сұңқарбеков, Баянауыл ауданының тұрғыны

«Осы атамыздың көзін көрген қатысушылардың бірімін. Ең бірінші осыны ұйымдастырған азаматтың бірімін. Осыдан біраз жылдар бұрын біздің Баянауылда бірінші рет болған осы дода. Онда 203 адам қатысқан болатын балалар, жас оқушылар. Міне, қазіргі доданың несін көріп тұрсыздар, республикалық деңгейде өтіп жатыр. Әлемде болтын жарыстар сияқты ғой, сондықтан өте қуаныштымыз. Біреу жеңіледі – біреу жеңеді. Бірақ жарыста жарақатсыз өтуге – соған тілектеспін»

Турнирге қатысушылар – 2009–2010 жылдары туған жасөспірімдер. Олардың қатарында қазірдің өзінде үлкен жетістіктерге жетіп үлгерген, кілемде шыңдалған мықты балуандар баршылық.

Болат Ақжігітов, турнирдің бас төрешісі

«Жасөспірімдер арасында осы турнирде Қазақстанның жеңімпаздары Ақтау қаласында өткен, жүлдегерлер – барлық спортшылар қатысуда. Осындай турнирлердің арқасында осы жасөспірімдер арасында спортшылардың шыңдалуына үлкен жағдайлар жасалған. Осы жерден шыққан балуандар – болашақта Қазақстанның чемпионатында медаль беретін жақсы спортшылар.»

Жас балуандардың барлығы бұл жарысқа тыңғылықты дайындықпен келген. Боз кілем үстінде әрқайсысының жеңіске деген жігері айқын көрінді.

Ердана Мұратәлі, турнир қатысушысы

«Бірінші белдесу онша қатты қиын болған жоқ. Енді чемпион болуға... Алла қаласа,чемпион болып осы жерде, тренерімнің үмітіп ақтап және де ата-анамның үмітін ақтап, чемпион болуға келдім.»

Нұрислам Серікбай, турнир қатысушысы

 «Бірінші схватка всегда қиын болады: сосын қол қатады, уайым болады. Содан кейін кейін қиын болады деп ойлаймын. Өз ойым. Қарсыласым ыңғайсыз болды – оңақай күреседі. Бір ескертумен ұттым»

Жас спортшыларға рух сыйлап, қолдау көрсету үшін додаға халықаралық ареналарда көк туымызды желбіретіп, еліміздің намысын абыроймен қорғап жүрген белді спортшылар арнайы келді. Олар боз кілемде бақ сынасқан жасөспірімдердің шеберлігіне жоғары баға берді.

Айбек Нұғымаров, қазақ күресінен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, қазақстан барысы

«Әдістерді шығарып, халықты қуантып жатыр. Мен ойлаймын, халық көңілінен шығып, қол шапалақтап отырса, уже результат деген сөз, нәтиже бар. Әрине, жас балуандар жаңа өте үлкен нәтиже көрсетіп, күресіп, халықтың қошеметіне бөленіп жатыр. Бұл жарыстың да, келген спортшылардың да деңгейі жоғары деген сөз. Төрешілер әділ өткізіп жатыр. Күресіп жатқан балуырларымызға сәттілік тілеп, енді ең мықты азаматтар жеңсін! Барлығына сәттілік тілейміз!»

Биыл турнирдің онжылдығына орай Рымтай Ізбастин атындағы Қор ашылды. Бұл жолғы турнирдің басты ерекшелігі де осында – жеңімпаздарға аталған қор тарапынан үлкен қолдау қарастырылған. Әр салмақ дәрежесінде топ жарған жас өрендер еліміздің бірнеше жетекші жоғары оқу орны ұсынған білім грантына ие болды.

Жұлдыз Қабылденова