Өңіріміз – су ресурстарына бай аймақтардың бірі. Сондықтан балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Бастамалар да бар. Мәселен, Май ауданында ірі көлемдегі балық өсіру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жұлдыз Қабылденова тарқатады.

Биыл Май ауданы Баскөл ауылдық округы құрамындағы Жаңатілек ауылында балық өсіру жұмыстары алғаш рет кең көлемде қолға алынды. Жоба жүзеге асырылып жатқан көл аумағы шамамен 200 гектар. Қазіргі таңда су айдынында 20-30 тонна көлемінде балық қоры бар. Оның ішінде 8-10 тоннасы – нарыққа шығаруға арналған тауарлы балық.

Талғат Қапаров, шаруа қожалығының басшысы

«Биыл шаруашылықта көлді балықтандыру жұмыстары ауқымды түрде жүргізілуде. Жоспарға сәйкес су айдынына тұқы балығының шабақтары жіберіледі. Атап айтқанда, 300 мың дернәсіл мен 10 мыңға жуық біржылдық шабақ суға жіберу көзделген. Кәсіп бұл бағыттағы жұмысын жуырда ғана бастағанымен, биылғы жоба — шаруашылық тарихындағы алғашқы ірі көлемдегі бастама болып отыр. Арнайы бассейндер әзірленіп, өсіру учаскелері мен балықтарды қоректендіруге арналған аумақтар жабдықталды.»

Өндірілген балық облыс көлемінде саудаланады. Бұл өңір тұрғындарын жергілікті, сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Талғат Қапаров, шаруа қожалығының басшысы

«Біз балықты Павлодар өңірінде сататын боламыз. Өнім облыс аумағынан шығарылмайды. Барлығы жергілікті тұрғындар үшін. Павлодар қаласында демалыс күндері өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне қатысамыз. Бағалар әлеуметтік деңгейде болады.»

Шаруа қожалығы басшысың сөзінше, жылына 15-16 тонна өнім алу жоспарланып отыр. Нарыққа алғашқы ірі көлемдегі өнім күз мезгіліне таман шығарылады. Бүгінде олармен жұмыс істеуге дайын серіктестер де бар.

Жұлдыз Қабылденова