Павлодарда жастар Эй-Ай Толк Дэй атты білім беру алаңында бас қосты. Іс-шарада жастарға жасанды интеллект, цифрлық мамандықтар және стартап жобаларды дамыту жолдары таныстырылды. Қатысушылар IT саласында тек бағдарламашылар ғана емес, дизайнерлер мен креативті мамандарға да сұраныс жоғары екенін білді.

Бүгінде жастардың қызығушылығы тек тұрақты жұмыс табумен шектелмейді. Көпшілігі өз идеясын іске асырып, жеке стартап ашуға ұмтылады. AI Talk Day алаңына келгендердің арасында да болашақ жобасын дамытқысы келетіндер аз емес.

Нұргүл Жұмадиева, «Pavlodar hub» жетекшісі

Қазір Қазақстанда цифрландыру жылы жүріп жатқандықтан, өз стартабын нөлден құрғысы келетін жастар өте көп. Яғни, қазіргі жастардың көзқарасы кең, олардың стартапқа арналған түрлі идеялары бар. Мұндай кездесулер — оларға білім мен түсінік алуға тамаша мүмкіндік. Өйткені бұл әлемде бәрі мүмкін екенін, кез келген идея қарастырылып, жүзеге асып, табысқа жетуі мүмкін екенін түсінеді.

Мамандардың айтуынша, қазіргі IT саласы тек код жазумен шектелмейді. Бұл бағытта шығармашылық иелеріне де мүмкіндік мол. Әсіресе графикалық дизайн, анимация, веб және геймдизайн салаларына сұраныс жоғары.

Азамат Амантай, графикалық дизайнер

Аутсорста жұмыс істеймін. Мысалы, қазіргі тапсырыс берушілерім — AI әлеміндегі Telegram-компаниялар, сондай-ақ Блокчейн Эй-Ай Технолоджи Сентер.

Қазір олар — менің негізгі тапсырыс берушілерім. Оларға дизайн, мерч, анимациялық заставкалар жасаймын, яғни бренд идентикасын әзірлеумен айналысамын.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, IT саласына келу үшін міндетті түрде техникалық мамандық бітіру шарт емес. Павлодарда бұл бағытты меңгеруге Торайғыров университеті жанындағы Tomorrow School қосымша білім беру мектебі мүмкіндік беріп отыр.

Дильназ Қуанышбекқызы