200-ге жуық таэквондошы Павлодарда өткен ашық чемпионатта жарысты. Ең мықтылар жеңіс тұғырынан көрінді.
Кеңес одағының батыры, Қазақстан Республикасының халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының құрметіне арналған таэквонда джи ти еф тұжырымдамасы бойынша балалар, жасөспірімдер арасында ашық чемпионат өтті. Оған 200-ден астам спортшы қатысты.
Нұрила Жанат, қатысушы
Мен таэквондомен төрт жылдан бері айналысамын. Осыған дейін Азия деңгейіндегі турнирге қатыстым. Бұдан бөлек, тағы да басқа қалалық жарыстарға қатыстым. Бүгін, міне, бірінші кезеңде жеңіске жеттім.
Сонымен, ашық чемпионатқа Павлодар, Екібастұз, Ақсудан спортшылар келді. 8 ден 17 жас аралығындағы таэквондошылар түрлі санатта ортаға шығып, бақтарын сынады.
Артем Граблев, таэквондодан облыстық федерацияның төрағасы
Жарыс халық қаһарманы Бауыржан Момышұлын еске алуға арналған. Мақсаты – Павлодар облысы бойынша мықты спортшыларды анықтау, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталып отыр. Ең бастысы Заң және тәртіп қағидатын іске асыру аясында өтіп жатыр.
Айта кетсек, жарыс «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Жоғарыда атап өткендей негізгі мақсат жастардың түрлі кеселден алыс болып, сауатты, білімді, спортқа жақын болуын насихаттау.
Ғалиасқар Қасымов, Павлодар облысы экономикалық тергеп-тексеру департаменті бастығының орынбасары
Заң және тәртіп қағидатын іске асыру аясында біз жастардың ойынқұмарлықтан, интернет алаяқтықтан, есірткіге тәуелділіктен аулақ болуы мақсатында осы шараны қолға алып отырмыз. Бұл бағытта қарқынды жұмыс жасаймыз.
Жеңімпаздарға кубок пен алғыс хаттар, ал жүлдегерлерге медальдар табысталды.
Самал Қалиқызы