Павлодар қаласындағы №47 жалпы орта білім беру мектебінде «Оқуға құштар мектеп» жобасының қорытынды кеші өтті. Рухани мазмұнға толы шарада кітапты серік еткен оқушылар, белсенді сыныптар мен үлгілі отбасылар марапатталды. Шараның мақсаты жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, оқу мәдениетін қалыптастыру.

Салтанатты кеш ұлттық күймен ашылып, жиналған көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Кеш барысында кітаптың адам өміріндегі маңызы, оның тәрбиелік әрі рухани құндылығы кеңінен айтылды. Мұндай жобалар оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, сөздік қорын дамытуға ықпал етеді. Кеш барысында кітап оқуды отбасы дәстүріне айналдырған жанұялар «Үздік оқырман отбасы» номинациясымен марапатталды. Сонымен қатар шығармашылық белсенділігімен ерекшеленген 7 «А» сыныбы «Үздік видео-тренд» аталымын иеленді. «Мектепке кітап сыйла» акциясына белсенді қатысқан сыныптар мектеп кітапханасының қорын толықтыруға қосқан үлесі үшін Алғыс хаттармен марапатталды.

Сабина Жолдаспаева